BANNER

Драмаға толы қос кездесу

Суреттер: t.me/qazsporttv

Франция мен Португалия құрамалары Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

1/8 финалда француздардың қарсыласы Бельгия құрамасы болды. Жүлдеден үмітті командалар арасындағы кездесуде ойын тағдырын жалғыз гол шешіп кетті. 85-минутта Рандаль Коло-Муани тепкен доп Ян Вертонгенге тиіп, қақпаға еніп кетті.

Осылайша, Франция құрамасы ЕУРО-2024 турнирінің келесі кезеңіне шықты. «Үш түсті» атанып кеткен құраманың қарсыласы Португалия – Словения матчында анықталған болатын. Бұл кездесу Криштиану Роналду бастаған жігіттер үшін оңайға соқпады. Словения жігіттері жүйелі ойын өрнегін көрсетіп, кездесудің негізгі және қосымша уақытында есеп ашылмады. Осылайша, ойын тағдыры матч соңындағы пенальти сериясында шешілді. Әлемдік аренада жүріп ысылған португалдар көздеген нысанадан мүлт кетпей, ширек финал жолдамасын қанжығасына байлады.  

Еуро-2024Ширек финалда Испания – Германия, Англия – Швейцария, Португалия – Франция құрамалары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Ал, бүгін 1/8 финалы аяқталып, барлық ширек финалистер анықталады. Румыния мен Нидерланд, Аустрия мен Түркия құрамалары өзара кім мықтыны анықтап, жарыс жолын жалғастыратын болады. Ширек финал ойындары 5-шілде күні басталады.