BANNER

Парижде Олимпиада ойындары ашылады

Сурет: AFP 2024 / EMMANUEL DUNAND

Бүгін Франция астанасы – Парижде XXXIII Олимпиада ойындары ресми түрде ашылады. Ұйымдастырушылар барлық сценарийді құпияда ұстап отыр. Бірақ салтанатты шараға қатысты кейбір мәліметтер желіде тарады. Sputnik Қазақстан Олимпиаданың негізін салушы Пьер де Кубертеннің отанында үшінші рет өтетін ойындарға қатысты қызықты деректерді ұсынады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Олимпиада алауын кім жағады

Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты аясында Сена өзенінде спортшылар шеруі ұйымдастырылады. Әрбір делегация өз қайығымен жүзіп өтеді. Қазақстанның Туын алып шығу міндеті боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға табысталған. Спортшылар шеруінің ұзақтығы алты шақырымды құрайды.

Олимпиада алауын жеңіл атлетикадан үш дүркін Олимпиада чемпионы Мари-Жозе Перек мен даңқты футболшы Зинедин Зидан жағуы мүмкін. Ал алау эстафетасына қатысатындардың арасында әйгілі америкалық рэпер Снуп Догг та бар.

Халықаралық Олимпиада комитеті Париж Олимпиадасына сатылған билет саны да рекордтық көрсеткішке жеткенін хабарлады. Осы уақытқа дейін 8,8 миллион билет сатылып кеткен. Бұған дейінгі рекорд Атланта Олимпиадасында тіркелген. Ол кезде 8,3 млн билет сатылған.

Спортшыларға қандай жағдай жасалды

Қазақстандық спортшылардың барлығы Парижге барып орналасты. Олар үшін олимпиадалық ауыл салынды.

Ұлттық Олимпиада комитеті спорт департаментінің басшысы Бектұр Қиятбайдың айтуынша, олимпиадалық ауылда үлкен асханадан бастап, сұлулық салонына дейін қажетті жағдайдың барлығы жасалған.

"Токио Олимпиадасымен салыстырғанда, Париждегі олимпиадалық ауыл ашық, қозғалысқа шектеу жоқ. Спортшылар үшін үлкен асхана, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, құлшылық жасайтын орындар, сондай-ақ, атлеттердің бір-бірімен кездесіп, бос уақыт өткізіп, жарыс көретін аймағы да бар. Оларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Олимпиадалық ауыл аумағында сұлулық салоны, монша, шаштараз бар, медитация мен релаксацияға да орындар бөлінген", - дейді Қиятбай.

Ал, ас мәзірі жергілікті диетолог аспаздармен бірлесіп дайындалған. Асханада азиялық, еуропалық, италиялық және халал секторлар бар. Салмақты бақылау үшін әрбір тамақта калорияның мөлшері де көрсетілген.

Олимпиадалық ауылда жалпы 14,5 мың адам тұрды. Соның ішінде ішінде тоғыз мың спортшы бар. Қазақстандық спортшыларға олимпиадалық ауылда жасалған жағдайды да көрсеткен.

Спортшыларға қандай сыйлық жасады

Олимпиадалық ауылға орналасқан спортшыларға арнайы сыйлықтар да дайындап қойды. Семсерлесуші Ерлік Сертай өзінің парақшасында барлық сыйлықты көрсетті. Суға арналған бөтелке, термос, жейде мен гигиеналық заттар салынған сөмкеден бөлек ұялы телефон да бар. Оны арнайы Париж Олимпиадасы үшін шығарған.

"Былай ашып-жабылатын ұялы телефон, ең қызығы, саны шектеулі, оны еш жерден сатып ала алмайсыздар. Ашып сөйлескенде сыртында Олимпиаданың сақиналары мен "Париж 2024" деген жазу шығады. Бұл телефондар голд түспен шығарылды", - дейді Сертай.

Ал, ұлттық құраманың басқа спортшылары өз формасын көрсетті. Бір сөмкенің ішінде екі қосымша сөмке, сондай-ақ, спорт киімдердің барлық жиынтығы бар.

Жарыс жолына бірінші болып кім шығады

Парижде Олимпиада ашылмай жатып, іріктеу сайыстары басталған. Оған қазақстандық садақшылар да қатысты. Ал ертең, 27 шілдеде дзюдошылар командасының көшбасшылары - Абиба Абужақынова (48 келі) мен Елдос Сметов (60 келі) татамиге бірінші болып шығады. Дзюдошылардың жарыс кестесін мына жерден көруге болады.

Сол күні гимнастар Нариман Құрбанов пен Милад Карими де өнер көрсетеді.

Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы бокс, дзюдо, күрес, гимнастика, стендік ату, теннис және тағы бірқатар спорт түрлінен медаль алуы мүмкін. Жолдама алған спортшылардың толық тізімімен мына жерде танысуға болады. Қазақстан құрамасында ең жас спортшы кеше ғана 18-ге толды. Батырхан Төлеуғали тхэквандодан ел намысын қорғайды.