BANNER

UFC 310: Шавкат Рахмонов – Иан Мачадо Гарри

Сурет: shavkatrahkmonov94 инстаграм парақшасынан

Бұған дейін Шавкат Рахмонов Белал Мұхаммадпен жартылай орта салмақ чемпионы титулы үшін кездесуі керек болған. Алайда, «Номадтың» қарсыласы аяқ сүйектеріндегі инфекцияға байланысты жекпе-жекке қатыса алмайтыны белгілі болды.

Белал Мұхамадтан кейін, Камару Усманмен шығады деген ақпарат тараған еді. Нигериялық спортшы Шавкатпен жекпе-жекке шығуға келісіп, артынша белгісіз себептермен бас тартқан болатын. Осылайша, Лас-Вегаста 8 желтоқсан күні өтетін кеште Шавкаттың қарсыласы үшінші рет ауысты. Енді Шавкат Рахмонов 8 желтоқсанға қараған түні уақытша чемпиондық титул үшін ирландиялық Иан Мачадо Гарримен жекпе-жек өткізеді.

Шавкаттың жаңа қарсыласы кәсіпқой ММА-дағы 15 жекпе-жегінің барлығында, оның ішінде UFC-де сегіз жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен. Жартылай орта салмақта Мачадо Гарри жетінші, Рахмонов үшінші орында тұр. Естеріңізге сала кетейік, «Номадтың» да рекорды мінсіз. Ол өз мансабындағы 18 жекпе-жектің барлығында мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Айта кету керек, Мачадо Гарри алғашында желтоқсан айында америкалық Хоакин Баклимен жұдырықтасуды жоспарлаған болатын. Енді АҚШ өкілі отандасы Колби Ковингтонмен жұдырықтасады.

Сонымен қатар, Шавкат Иан Гарриді спарринг кезінде екі рет тұншықтырып тастағаны жөнінде де ақпарат тараған еді. Жеңіліс көрмеген спортшылардың жекпе-жегі қызықты әрі көпшілік назарында болары анық.

Айта кетейік, 7 желтоқсанда Лас-Вегаста (АҚШ) өтетін турнирдің басты шайқасында бразилиялық Алешандре Пантожа (28-5) мен жапондық Кай Асакура (21-4) өзара кім мықтыны анықтайтын болады.