«Барыс» өз алаңында «Салават Юлаевті» жеңді

hcbarys.kz

Елорданың «Барыс» клубы Құрлықтық хоккей лигасы аясында өз айдынында Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасын қабылдады.

Соңғы матчтарда астаналықтардың жолы болмай жүрген. Сондықтан бүгінгі ойынды қазақстандық команда белсенді бастады. Елордалық клуб сапынан Дмитрий Гурков 7-минутта мергендік танытты. Ойынның 21-минутында «Барыс» сапынан Кирилл Савицкий есепті еселеді. Екінші кезең аяқталуына санаулы секундтар қалағанда «Салават Юлаев» хоккейшісі Михаил Науменков көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал, Николай Кулемин 48-минутта таразы басын теңестірді.

Кездесудің негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ.

Буллиттер сериясында «Барыстың» жолы болды. Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.

Осылайша, «Барыс» 4 жеңілістен тұратын сәтсіз ойындар сериясына нүкте қойды. Астаналықтар 42 ұпай жинап, «Шығыс» конференциясында 11-орынға жайғасты.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 19 қаңтарда ЦСКА (Мәскеу) командасына қарсы өткізсе, 22 қаңтарда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.

«Барыс» (Астана, Қазақстан) — «Салават Юлаев» (Уфа, Ресей) 3:2 Б (1:0, 1:1, 0:1, 0:0, 1:0)

Шайба соққандар:

1:0 — 06:35 Гурков (Скленичка, Червени).

2:0 — 20:53 Савицкий (Ножье, Хенкель).

2:1 — 39:50 Науменков (Пименов, Алалыкин).

2:2 — 48:18 Кулемин (Дроздов, Хмелевский).

3:2 Оберг (буллит)

Қақпашылар: Шутов — Вязовой.