«Сарыарқа» жартылай финалға бір қадам жақындады

Сурет: saryarka-hc.kz

«Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының плей-офф кезеңінде өнер көрсетуін жалғастырып жатыр.

Жерлестеріміз Қазақстан чемпионатында 7-ші орын алса, қарсыластары – ташкенттік «Хумо» 2-ші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын. 4 жеңіске дейін жалғасатын бұл серияда арқа оғландары 3:1 есебімен алда.

Бұл жұптағы алғашқы кездесу тартысқа толы болды. Өзбекстандық команда өз алаңында жүйелі ойын өрнегін көрсете білді. Матчтың негізгі уақытында 5:5 нәтижесі тіркелді. Осылайша, кездесу қосымша уақытқа ұласты. Овертаймда Глеб Зайцев мергендігімен көзге түсіп, командасына жеңіс сыйлады (5:6). Ал, екінші ойында қарағандылықтар 2:5 есебімен сенімді жеңіске қол жеткізді.

Қос ұжым арасындағы үшінші ойын кеншілер шаһарында жалғасты. Бұл кездесуде алаң қожайындары 1:5 есебімен ойсырай жеңілді. Ал, төртінші матчта арқа жігіттері өздерін қолға алып, 3:1 нәтижесімен жеңіске жетті. Қазіргі кезде жартылай финалға «Ақтөбе» және елордалық «Номад» командалары жолдама алып отыр. «Ақтөбе» өскемендік «Торпедоны» 4:0 есебімен жеңсе, «Номад» қостанайлық «Горняктан» дәл осындай есеппен басым түсті. Ал, көкшетаулық «Арлан» мен атыраулық «Бейбарыс» арасындағы кездесуде есеп 3:1. Алдағы ойындарында «Сарыарқа» мен «Арлан» жеңіске жететін болса, жартылай финалға жолдама алады. «Хумо» мен «Сарыарқа» арасындағы бесінші матч 1-ші наурыз күні, Астана уақытымен 20:00-де өтеді.