Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасындағы кезекті кездесуінде ойсырай ұтылды. Словения өз алаңында Станислав Черчесов шәкірттерін 3:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Ойындағы үш голды да шабуылшы Беньямин Шешко соғып, хет-трик авторы атанды. Бірінші таймда 23 және 28-минуттарда мергендігімен көзге түссе, үшінші голын 63-минутта баспен салды. Осылайша, "Лейпциг" командасында ойнайтын футболшы өз құрамасына 3 ұпай сыйлады.
Қазақстан мен Словения құрамалары 2023 жылдан бері үшінші рет кездесті. Бұған дейін өткен екі матчта да Словения 2:1 есебімен ұтып кеткен болатын.
Екі тур қорытындысы бойынша Қазақстан 1 ұпаймен көш соңына жайғасты. Аустрия құрамасында да 1 ұпай болғанымен, доп айырмасы бойынша алда. Словения мен Норвегия 4 ұпаймен көш басында.