Бүгін, 14 наурыз елімізде Наурыз мейрамының басы – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады.
Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы. Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Ал кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады.
Тарихшылар мәліметіне сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізеді. Бірақ, екі күнтізбе айырмашылығы 13 күн болып қалған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса 1 науырыз -14 наурызға тап келеді. Ол - жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған.
«Көрісу айты» Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының кей аудандарында, Қарақалпақстан, Түркіменстан қазақтарында, Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор, Астрахан аймақтарында сақталған.