BANNER

22 жасар жігіт Әлібековтің Lamborghini көлігінің астында қалып, көз жұмды

Фото: alibekovkz

Алматыда «Сокол» автодромында экстремалды трюк орындаймын деген 22 жастағы Батырхан Ержанов ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілгеннен кейін көз жұмды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Жол апаты 29 қазан күні Алматы – Астана тас жолында орналасқан «Сокол» автодромында болды. Lamborghini көлігінің 45 жастағы жүргізушісі Анатолий Подлипалин трюк орындау кезінде Батырханды қағып кетті. Ол сол сәтте жүріп келе жатқан көліктің үстінен секірмек болған. Трюк жасау кезінде қайғылы жағдай болып, Ержанов белгілі блогер Бейбіт Әлібековке тіркелген көліктің астында қалды.

Оқиғадан кейін Батырханды Іле ауданының Орталық аудандық ауруханасына жеткізді. Дәрігерлер оған ауыр ми жарақатын, көп соққы іздерін, самай сүйегінің ұсақ сынығын және үшінші дәрежелі кома диагнозын қойды. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, 30 қазанда Батырхан алған жарақаттарынан қайтыс болды. Оқиға бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзу нәтижесінде ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ал, Әлібеков марқұмның көлікті ұзақ уақыт бойы сұрап жүргенін айтты. Блогер Lamborghini көлігін қауіпті трюк үшін беру-бермеу мәселесін өзінің телеграм-арнасында сауалнама арқылы шешкен болатын.

«Айтар сөзім жоқ. Марқұмның жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Мүмкін, көлікті бермеу керек пе еді», – деп пікірін айтты Әлібеков.

Бұл байқауды ресейлік блогер Михаил Литвин ұйымдастырған екен. Марқұм осы байқауға қатысу үшін әсерлі бейнеролик түсіруді жоспарлаған. Байқауға 200 мыңнан аспайтын жазылушысы бар аккаунт иелері қатыса алатын. Қатысу үшін энергетикалық сусын құтысын пайдаланып, өнімді жарнамалап, креативті ролик жасау керек болған. Бас жүлдесі көлік болған.