BANNER

29 млн жымқырған қаржы пирамидасының басшысына үкім шықты

Фото: yandex.kz

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы пирамидасына  аса ірі мөлшерде қаражат тарта отырып басшылық жасаған адамды 5 жылға бас бостандығынан айырды, хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

«Айыпталушы Ш. Астана қаласы аумағында «Chia Tai Pharmaceutical» қаржы пирамидасы бөлімшесін басқарып, 2022-2023 жылдар аралығында Қытайға фармацевтикалық препараттары бар медициналық құрылғыларды өндірумен және экспорттаумен айналысты. Фармацевтикалық зауыт қызметіне заңды инвестициялау түріндегі салымшылардың қаражатын заңсыз тартуды, қосымша зауыт салуды және биологиялық тұрғыдан белсенді қоспаларды жетілдіруді жүзеге асырды»,  деп мәлімдеді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Қылмыстық әрекет нәтижесінде Ш. 12 жәбірленушіге 29 278 762 теңге сомасында материалдық шығын келтірген.

«Сот жәбірленушілерге қылмыспен келтірілген материалдық зиянды өтемеу, сондай-ақ жеңілдететін мән-жайларды және ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 2-тармағын ескере отырып, ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармақшасы бойынша Ш.-ны  кінәлі деп танып, оған азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады» делінген хаттамада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.