BANNER

3 маусымда Қарағандыда жас мамандар үшін жеңілдетілген ипотекаға құжат қабылдау басталады

Фото: gov.kz

Қарағандыда екі жыл бұрын облыс әкімдігі «Отбасы банк» АҚ қолдауымен іске қосқан жастарға жеңілдікті ипотекалық несие беру бағдарламасы жалғасын тапты. Құжаттарды қабылдау 3 маусымнан басталады.

Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының жас қызметкерлері, БАҚ, ЖОО және әлеуметтік сала өкілдері, квазимемлекеттік сектордың коммуналдық кәсіпорындарының қызметкерлері қатыса алады. Биыл оларға қоса келесі санаттар қосылды: жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мемлекеттік қызметшілер, ТЖМ және «Қазпошта» АҚ қызметкерлері.

Несие алуға үмітті азаматтардың жасы – 35 жасқа дейін. Ресми еңбек өтілі – кемінде бір жыл. Міндетті түрде ҚР азаматтығы және қарыз алушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы (соңғы 5 жыл ішінде) тиіс.

Қарыздың ең жоғары сомасы 20 млн теңге. Үміткерлерде қарыз сомасының кемінде 10% мөлшерінде бастапқы жарна болуы тиіс. Бұл ретте тұрғын үйді жылдық 6% - бен ресімдеуге болады. Несиенің максималды мерзімі – 19 жыл.

Қарағандыда жеңілдетілген бағдарлама бойынша жаңа да, қайталама нарықтан да тұрғын үй сатып алуға болады.

Үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы керек: жеке куәлік; азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (неке қию және балалардың тууы туралы куәлік - бар болса); өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама; жұмыс орнынан ресми бланкіде анықтама (ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс); еңбек өтілін растайтын құжат; еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме; мүгедектігі туралы анықтама (бар болса).

Құжаттарды қабылдау мерзімі:3-7 маусым аралығында 9:00-ден 18:00-ге дейін (түскі үзіліс 13:00-ден 14: 30-ға дейін).

Н. Назарбаев даңғылы, 39а, Open Karaganda фронт-офисі (қалалық әкімдік ғимараты) мекенжайына хабарласуға болады.

Анықтама телефоны: (8-7212) 42-34-82.