Адам денесінде рудиментарлы мүшелер бар екенін білесіз бе? Яғни эволюциялық үрдісте өзінің маңыздылығын жоғалтқан мүшелер.
Үшінші қабақ
Үшінші қабақ - құс, балық, кей сүтқоректілерде, бауырымен жорғалаушыларда қорғаныш әрі көзді ылғалдандырғыш қызметін атқаратын жыпылықтатқыш мембрана. Көптеген сүтқоектілерде тек көздің ұшында «қалдығы» ғана қалған.
Адамдардың көзінің ішкі бұрышында орналасқан қызғылт ет - осы үшінші қабақ. Эволюцияның әсерінен ол бізге «керексіз» болып қалған.
Суда жүзетін жануарлар үшін су астына киетін көзілдірік қызметін атқарады. Ал жыртқыштар шабуыл кезінде қорғанады. Ақ аюдың көзін соқыр болып қалудан сақтайды. Ал түйені құмды дауылдардан қорғаса, тоқылдақтың көз торын вибрацияның жиілігінен қорғайды.
Дарвин төмпешігі
Оны Чарльз Дарвиннің құрметіне Дарвин төмпешігі деп атап кеткен. Дарвин төмпешігі - құлақ қалқанында орналасқан үшкір келген рудиментарлы дене. Төмпешік астында жасырынған бұлшықет құлақты қозғалтуға арналған. Ежелде ол алыстағы дыбысты басты бұрмай - ақ құлақты ғана қозғалту арқылы анықтауға қажет болған.
Ақыл тіс
Ақыл тісті бұрын адамдар қатты тағамдарды үгітіп, шайнау мақсатында пайдаланған. Бірақ қазір шайнау процесіне қатыспай, керісінше, тіс ауруларының себебі болып табылатындықтан тіс дәрігерлері кейде оны жұлып тастайды.
Алақанның ұзын бұлшық еті
Егер бас бармақ пен шынашақты біріктіріп, қолды жоғары бүксе, алақанның төменгі бөлігінен ұзын төмпешік байқалады. Ол ерте заманда ағаштардың тербелген бұтақтарынан ұстау үшін, ағашқа өрмелеу үшін аса қажет болған. Бірақ 3,2 миллион жыл бұрын оның қажеттілігі төмендеді. Қазір ол 14% адамдарда кездеспейді. Кей деректерге сүйенсек, ұзақ қойылым кезінде мұндай бұлшық еті бар пианисттер қолдары талмайтынын айтқан.
Құйымшақ
Бұл үш не бес бітіскен омыртқадан тұратын омыртқаның төменгі бөлігі. Рудиментарлы құйрық есебінде. Соған қарамастан құйымшақ белдің бүгілуіне әрі жамбасқа физикалық жүкті дұрыс бөлу үшін аса қажет.
Ақерке Аянқызы