BANNER

АЭС референдумы: бюллетеньде қандай сұрақ болады

Фото:Sputnik / Мурад Оруджев

6 қазан күні атом электр станциясы бойынша өтетін референдум бюллетенінде қандай сұрақ болатыны жария етілді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында референдумға шығарылатын сұрақ жарияланды.

"Республикалық референдумға "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген тұжырымдағы ел болашағы үшін маңызды сауал шығарылады", - деді комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, референдум белгіленген уақыттан бастап жергілікті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайды. Референдумға дайындалып, осы республикалық шараны ұйымдастырады. Орталық сайлау комиссиясы да уақытша референдум комиссиясы болып жұмыс атқарады.

Айта кетері, кеше президент Тоқаев АЭС бойынша жалпыхалықтық референдумның күнін белгіледі. Қазақстандықтар 6 қазанда атом электр станциясының құрылысы бойынша өз таңдауын жасайды.