Биыл көктемгі су тасқыны кезінде барлығы жабылып, зардап шеккен халыққа көмектескен. Ал, Ақтөбе облысында шенеунік осы жағдайды пайдаланып, мердігерлерден пара алды. Сол үшін сот алдында жауап берді. Сотта шенеунік өз кінәсін толығымен мойындады, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Sputnik.kz-ke сілтеме жасап.
Ойыл ауданында су тасқынынан біраз үйге зақым келді, жолдарды да қайта жөндеуге тура келді. Сол уақытта аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айнат Қазмағамбетов қызметтік өкілеттілігін пайдалануға шешім қабылдаған. Шенеунік осы қызметке биыл 11 наурызда тағайындалды. Содан бір ай өтпей, жемқорлыққа барған.
Көктемгі су тасқыны кезінде ауданда электр желілері мен жолдар бұзылды. Төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік шығынды есептеу үшін жеке меншік компанияны шақырды. 5 сәуірде құрылыс басқармасы онымен келісімшарт рәсімдеген. Ал, Қазмағамбетов келісім жасағаны үші мердігер компаниядан 100 мың теңге талап етті. Компания басшысы өз ақшасын алғаннан кейін шенеуініктің "рақметін" аударып жіберді.
Жазда бөлім басшысы тағы компаниядан пара талап еткен. Бірақ осы жолы келісімшарт сомасының 10 процентін сұраған. Тамыз айында Қазмағамбетовтың есепшотына тағы 500 мың теңге түсті.
Сотта шенеунік өз кінәсін толығымен мойындады. Прокурормен процессуалдық келісімге келді. Судья оған 21 миллион теңге көлемінде айыппұл салуға үкім шығарды. Оған қоса мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салынды.
Пара берген мердігер компания басшысы да жауапқа тартылды. Кәсіпкер 10 миллион теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелді.