BANNER

Ақтөбеде көлік үшін адам өлтірген ер адам сотталды

Фото: orda.kz

Ақтөбеде көлікке бола 55 жастағы әйелді өлтірген ер адам 22 жылға сотталды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Сотталушы автокөлік үшін адам өлтіруге дейін барған. Үкім тыңдауға марқұмның жақындары ғана келген. Сот залында сотталушы жағынан ешкім болмады. 

 

44 жастағы ер адам осыдан 5 ай бұрын 55 жастағы әйелді автокөлікке бола өлтірген. Әйел көлігін сатпақ болып, осы кісімен жолығады. Сотталушы қала сыртына қарай шыққан кезде рөлде отырған әйелді белдікпен қылқындырған. Кейін мәйітті сол маңдағы ағаш арасына апарып тастай салған. Ер адам өлікті адам танымас үшін бетін пышақпен тілгілеген. Құны 150 мың теңгелік алтын алқасын шешіп алған.  

Марқұм әйел өзін қылқындырып жатқанда 112 нөмірін теріп көмек те сұраған. Бірақ кезекшілікте отырған құтқарушы қоңырауға мән бермеген көрінеді. Осыдан екі ай бұрын төтенше жағдайлар департаментінің сол қызметкері екі жылға шартты түрде сотталды. Марқұмның туыстары сотталушыға кесілген жазамен келісетінін айтты.