Ақтөбе облысында жедел жәрдем көліктеріне жол бермеген жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Жыл басынан бері өңірде жарық және дыбыс сигналдарын қосып келе жатқан жедел жәрдем көліктеріне жол бермеген 6 жүргізушіге айыппұл салынған.
Соңғы оқиға 23 шілдеде тіркелді: Toyota Prado жүргізушісі арнайы шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігіне жол бермей, қозғалысты қиындатқан. Жол ережесін бұзғанын патрульдік полиция тіркеп, тиісті шара қолданған.
Әр минут маңызды. Уақтылы әрекет етпеу – адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін, - деді патрульдік полиция батальонының инспекторы Балтабек Қанатұлы.
Полиция арнайы көліктерге жол берудің адам өмірін сақтап қалуға көмектесетінін еске салып, барлық жүргізушілерді жолда жауапкершілік танытуға шақырды.