BANNER

Алматылықтар Ботаникалық бақта егеуқұйрықтардың көбейгеніне шағымданды

Фото: Видеодан скрин

Алматылықтар Ботаникалық бақта егеуқұйрықтардың көбейіп кеткенін айтып, шағымданды. Тұрғындардың сөзінше, кеміргіштердің саны биыл айтарлықтай өскен, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Келушілер бақ ішінде емін-еркін жүрген егеуқұйрықтарды видеоға түсіріп алған. Олар демалатын орынның жолдарымен жүгіріп, жүргіншілердің аяғының астында жүрген. 

Ал Ботаникалық бақ қызметкерлері бұл жағдайға таңғалып та отырған жоқ. Олардың айтуынша, бақта табиғи орта қалпына келтірілген. Сондықтан мұнда кеміргіштерге, тиіндерге, түрлі жәндіктер мен құстарғақолайлы жағдай жасалған. Дегенмен, егеуқұйрықтар келушілерге қолайсыздық тудырып отыр. Олар демалатын орында бақылауға алынған өсімдіктерге кедергі келтіріп жатыр. Сол себепті Ботаникалық бақ әкімшілігі зиянкестермен күрес жүргізеді екен. Алайда оларды химиялық әдіспен улауға қорқамыз дейді. Себебі өзге жан-жануарларға зиян келуі мүмкін екен. .

"Егеуқұйрықтарды қарапайым қақпандар арқылы ұстаймыз. Егеуқұйрықтардың барын және олардың келушілерге кедергі келтіретінін білемін. Дегенмен егеуқұйрықтар экожүйенің ажырамас бөлігі. Біздің бақ – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мегаполистің дәл ортасындағы 103,6 гектар аумақты алып жатыр. Сол себепті қаладағы барлық экологиялық мәселелер Ботаникалық баққа да әсер етуі мүмкін. Кеміргіштерді көзін жойсақ та, олар бәрібір басқа жерден келіп, көбейе береді", – деді Алматы қаласындағы Ботаника институтының маркетинг директоры Баян Көспенбетова.