BANNER

Бас прокуратура қаңтар оқиғасы жайлы мәлімдеме жасады

Фото: жоқ

Қаңтар оқиғалары бойынша қазіргі уақытта сотқа 288 қылмыстық іс жолданған, барлығы 275 адам сотталған.  Оның ішінде 22 адам бас бостандығынан айырылған. Қалғандарына бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстарға тарту және айыппұл түріндегі жаза қолданылды. ОКҚ-інде өткен брифингте Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Е. Қилымжанов қаңтар оқиғалары бойынша қылмыстық істерді тергеу барысы туралы айтып берді.

Жалпы ел бойынша қаңтар оқиғалары кезеңінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу фактісі бойынша 721 адам күдікті деп танылған, оның ішінде 281 адам қамауға алынған.

Сотқа жолданған қылмыстық істердің 208-і Алматы қаласына тиесілі, Алматы облысы бойынша – 49, Жамбыл облысы бойынша – 10, Шымкент қаласында – 9, Қызылорда облысында – 5, Түркістан облысында – 4, Ақмола облысында – 2 және Атырау облысы – 1. 

Бас прокуратура өкілі жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы ескертті. Ақмола облысында осындай істердің бірі бойынша 3,5 жылдан аса мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаңтар оқиғасына қатысты барлық тергеу барысы ашық жарияланып, халық одан барынша құлағдар етілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз қылмыс жасағандардың заң алдында толығымен жауап беретінін нақты айтты. Сонымен қоса, ауыр қылмысы болмағандардың жазасын жеңілдетуді тапсырды.