Қарағандыда белгілі журналист, «Ақпарат саласының үздігі» Ардақ Қабыхановты еске алуға арналған классикалық шахмат және дойбыдан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында турнир өтті.
Турнирдың ашылу салтанатына Ардақ Қабыхановтың анасы, жұбайы мен баласы, сыныптастары, достары, әріптестері қатысты.
— Ортамыздан жас әрі тосын жағдайда кеткен Ардақ бауырымызды еске алу мақсатында өткізіліп жатқан іс-шара. Бұл достардың, әріптестердің Ардаққа деген шексіз құрметі мен сағынышының лебінен туған үлкен шара деп есептеймін. Ортамыздан ерте кетсе де еңселі еңбегімен, парасаттылығымен, азаматтық биіктігімен, жайрандаған жүзімен, әрқайсымызға мейірім шашып, үлкенді аға, кішіні бауыр деген Ардақ Қабыхановты жақындары ғана емес, бірге араласқан достары, әріптестері ұзақ жылдар бойы жүрегінде мәңгі сақтайды, – деді AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков.
Турнир қорытындысы бойынша дойбыдан «Saryarqa» телеарнасының ардагер журналисі Сейітқали Әшімов I орын, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің дизайнері Айбек Рахымжан ІІ орын, «Бірінші Қарағанды»телеарнасының тілшісі Жанабек Нар III орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, «Хабар» агенттігінің арнайы сыйлығын ардагер журналистер Әли Тойжігіт пен Сүйіндік Жанысбай иеленді.
Шахматтан ерлер арасында «Новое Телевидение» телеарнасының тілшісі Абылай Аманқұл І орын, «Новое Телевидение» телеарнасының басшысы Руслан Никонович ІІ орын, «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Ботабек Тілегенов пен ҚР журналистер одағының ҚОБ басшысы Жәнібек Садықанов ІІІ орынды өзара бөлісті. Сонымен қатар, қыздар арасында шахматтан «Ortalyq Qazaqstan» газетінің дизайнері Арайлым Көктаева І орын, «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Диана Жәмлиханова ІІ орынға ие болды.
Журналистер одағының арнайы сыйлығын «Балқаш өңірі» газетінің редакторы Қуаныш Аманқұлов және «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Айдана Бекқали алды.
Турнир жеңімпаздарының барлығы арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.