BANNER

Бермуд үшбұрышы

ашық дереккөз

Бермуд үшбұрышы – Атлант мұхитындағы жүздеген кемелер мен ұшақтар жоғалып кеткен тылсым аумақ. Оның шекарасы Майями, Бермуд аралдары мен Пуэрто-Рико арасында жатыр. Бұл аумақ кемелердің қозғалысына өте қауіпті, себебі циклондар мен теңіз дауылдары жиі болады.

1918 жылы АҚШ-тың әскери-әуе күштері үшін жасалған Циклоп (USS Cyclops) атты кемесі Бермуд үшбұрышы аумағында жоғалып кетті. Кемеде экипаж мүшелері мен жалпы жолаушылар саны 306 адам болған. Германияның сүңгуір қайығының шабуылы нәтижесінде немесе теңіз дауылынан батқан болуы мүмкін делінді. Алайда әлі күнге дейін нақты жоғалу себебі анықталмады.

1944 жылы америкалық Рубикон атты кеме Бермуд үшбұрышы аумағынан табылды. Бірақ ішінде жалғыз қарауыл иттен басқа тірі жан жоқ еді. Рубикон кемесінің 300-ден астам экипажы із-түссіз жоғалды. 1872 жылы Гибралтар бұғазына жақын жерден табылған «Мария Целеста» кемесі, 1840 жылы табылған «Розалия» кемесі, 1850 жылы табылған «Свеаборд» кемесі де дәл «Рубикон» кемесі секілді экипажсыз табылды. Зерттеулерге сәйкес инфрадыбыс әсерінен экипаж мүшелерінің үрейі ұшып, галлюцинация басталып, нәтижесінде олар суға секіріп кетуі мүмкін екен.

1945 жылы торпедамен жарақталған америкалық «Эвенджер» атты 5 соғыс ұшағы және оның артынан жіберілген құтқарушы ұшақтар жоғалып кетті. Көп ұзамай 1965 жылы 6 маусым күні 10 экипаж мүшесі болған С-119 ұшағы да жоғалып кетті. Нақты жоғалған жері мен уақыты белгісіз, ал оларды іздеу жұмыстары ешқандай нәтиже бермеді.

1973 жылы «Анита» атты жүк кемесі із-түссіз кетті. Бұл аумақта соңғы рет батып кеткен – америкалық «Эль-Фаро» кемесі. 2015 жылдың қазан айында аталмыш кеме теңіз дауылынан жолығып, 33 экипаж мүшесі ажал құшты. Жалпы Бермуд аумағында ХХ ғасырдың ішінде жүзден астам ірі кемелер мен ұшақтар апатқа ұшырады.

Бүгінгі таңға дейін әртүрлі болжамдар айтылып келеді. Солардың ішінде ғылыми тұрғыдан көп екпін берілетіні – су астынан метан газының шығуы, шарлама толқындар мен инфрадыбыс. Одан бөлек өзге ғаламшарлықтардың немесе ежелгі Атлантида тұрғындарының адамдарды ұрлауы мүмкін деген мистикалық болжамдар да кездеседі. Бірақ бірде-бірі әлі расталған жоқ.

 

                                                                                                                                 Ақерке Аянқызы