30 наурыздағы сағат 11.00-дегі жағдай бойынша еріген су тасқыны орын алған республикалық, облыстық маңызы бар және жергілікті тас жолдардың 10 учаскесі полицияның ерекше бақылауында.
Республикалық маңызы бар «Алматы -Екатеринбург» тас жолының Ақсу Аюлы елді мекені жанынан су тасқынынының жол үстінен өтуіне байланысты Қарағандыдан Балқаш қаласына баратын жол жабылды.
Судың жол үстінен өтуі Топар кентінен Ұлытау облысы бағытына, Теміртау-Нұра және Ботақара кентіне қарай баратын жолдағы Петровка елді мекені жанында орын алуда.
Қарқаралы бағытында Ботақара ауылы арқылы Павлодар тас жолының бойымен Доскей, Сенокосное ауылдары арқылы өтетін айналма жол бар.
Аталған тас жолдарда полиция қызметкерлерімен жолдарды жабу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде жұмыс атқарылуда.
Жалпы облыс бойынша су тасқыны кезінде жол жабу үшін Полиция департаментінің 86 жеке құрамы және 42 бірлік техника жұмылдырылды.
Облыс жолдарында шамамен 350 жеңіл, 320 жүк және 26 қоғамдық көлік, сондай-ақ 3 мыңнан аса жүргізушімен жолаушылар қалып қойды.
Төтенше жағдайлар департаменті және жергілкті атқарушы билік өкілдерімен қауіптің алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Қарағанды облысы тұрғындарымен қонақтарын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, алыс жолдарға шықпауға шақырамыз.
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі