Батыс Қазақстан облысында үш алаяқ 17 оқушының ата-анасынан 10 млн теңге алып кеткен, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ата-аналар мектептегі іс-шараларды талқылау кезінде, алаяқтардың бірі WhatsApp топқа қосылып, чаттағы қатысушылардың телефон нөмірлерін сақтап алды. Ол балалардың атынан хабарласып, телефоны өшіп қалғанын айтып, ақша сұрады.
Осылайша, алаяқтар карта деректері мен CVV кодтарын қолға түсіріп, ақшаны таныстары арқылы пайыз алып, қолма-қол ақшаға айналдырды.
Күдіктілерді Қаратөбе ауданының полициясы ұстады, тергеу жүріп жатыр. Полиция қазақстандықтарды мессенджердегі топтарда абай болуға шақырды.