BANNER

Бүгін – "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" күні

Фото:pixabay.com

Қазақ жастары жыл сайын 15 сәуірде мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін атап өтеді.

Еліміздің болмысы мен салт-дәстүріне жат "Әулие Валентин" күнінің орнына Қозы мен Баян күнін атап өтуді алғаш рет 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған.

2011 жылы Алматы әкімдігі 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық "Ақсүйек "ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырады. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.

Бұл күн ресми түрде бекітілмесе де, қыз-жігіттер арасында Ұлттық ғашықтар күні ретінде кеңінен аталып өтеді. Ғашықтар бір-бірін махаббат күнімен құттықтап, сыйлық тарту етеді, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын іс-шаралар ұйымдастырады.

Мөлдір де нәзік сезімді, екі жүрек арасындағы махаббатты білдіретін мерекеде әдетте жас жұбайлар некесін тіркеуге асығады.