BANNER

Елімізде ғалымдардың мәртебесі көтерілмек

Фото: gov.kz

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі El.kz сілтеме жасап.

Бүгін жалпы отырыста «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасының бірінші оқылымы өтті. Депутаттық сауалында Әділ Жұбанов қаралып отырған заң жобасы ғылым туралы және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы қолданыстағы заңдардың негізінде жасақталғанын атап өтті.

"Десек те ғылыми зерттеулерді бюджеттен қаржыландыру тәртібі ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ. Ғылыми институттар бұрынғы тәсілмен, яғни базалық-гранттық бағдарламалық-нысаналы қаржыландыратын болады. 2024 жылға арналған бюджетте ғылымды дамытуға 200 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған және соңғы үш жылда бұл бағыттағы қаржыландыру бес есе артты. Бюджеттен бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігі қалай айқындалады және ғалымға бөлінетін қаражаттың өсуіне қандай күштер негіз болды? " – деп министрге сауал тастады.

Аталған сұраққа Саясат Нұрбек қазіргі таңда ғылым саласын қаржыландыру өте төмен деңгейде екенін тілге тиек етті.

"Заң жобасының ішінде көзделген үлкен шара – бұл арнайы орталық құрып, бүкіл ақпаратты (грант, ақша), нәтижелерін ашық форматта бір базаға жинау. Сонда кез келген мемлекеттік емес ұйым, кез келген агенттік, мемлекеттік орган кіріп көре алады", – деді министр Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар ол заң жобасы шеңберінде ғылыми қызметкерлерді, оның ішінде жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту қажеттігін айтты.

"Біз ұстаздарымызды мәртебесін заңның арқасында көтердік. Әлеуметтік қолдау пакетін күшейттік. Енді ғалымдарымызға да дәл осындай шаралар қолдануымыз керек. Осының аясында заңда ғалымдардың мәртесебін көтеру көзделген", – деді министр.