BANNER

Еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы жайында сарапшылар не ойлайды

Сурет: Әлихан Асқар/Kazinform

Еліміз атом жобасын іске асырудың басты кезеңіне өтіп, бірінші АЭС құрылысына дайындық жүргізіп жатыр. Осыған орай ҚазАқпарат аталған жобаға қатысты сарапшылардың пікірін білген еді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Жоба аясындағы ынтымақтастық отын өндіру, кадр дайындау, ғылыми-техникалық ауыс-түйіс пен болашақ энергоблок алаңын пысықтау мәселелерін қамтиды. Құрылысқа дайындық барысында бірлескен жұмыс тобы құрылып, стансаны орналастыру үшін алаңды және өндірісті оқшаулау тетіктері пысықталады. Сарапшылардың атап өтуінше, «Росатоммен» ынтымақтастық Қазақстан кәсіпорындарына халықаралық жеткізілім тізбегіне қол жеткізуге мүмкіндік ашып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуда және экономиканы әртараптандыруда маңызды факторға айналуы тиіс.

- Атом электр стансасыың құрылысы – бұл жай ғана жаңа электр стансасы емес, Қазақстанның бүкіл энергетикасы траекториясының өзгеруі. Ұзақ мерзімді келешекке мықты база қаланып, ол жүйелі тәуекелдерді азайтады және өнеркәсіп пен инвесторлар үшін болжамдылық береді, - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, еңбек сіңірген энергетик Жақып Хайрушев.

Маман атом генерациясының негізгі қызметі энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін айтады.

- Атом генерациясы түнгі және қысқы тапшылықты жабады, маусымдық айырмашылықты теңестіреді және ескі көмір қондырғыларын ауыртпалықсыз жаңартуға немесе есептен шығаруға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздері үшін атом тірекке айналады, ал жүйелі операторға теңгерімді ұстап тұру жеңілдей түседі. Климаттық күн тәртібінде бұл жабдықтарға жоғары жүктеме кезіндегі көмірқышқылсыз энергия саналады. Ол шығарындыларды азайту міндеттерін орындауға септігін тигізеді әрі Қазақстан экспортын көмірқышқыл алымдардан қорғайды, - деді ол.

Мұнай-газ саласының сарапшысы, Қазақстан Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Олжас Байділдиновтың айтуынша, «Росатомды» серіктес ретінде таңдау айқын артықшылықтарға ие.

- «Росатомды» таңдау қисынды әрі түсінікті. Оны бірден қолдадым. Өйткені бізде ортақ тілдік орта бар. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, бейінді агенттікте немесе заң шығарушы органдарда біліктілігімен қатар қытайдың техникалық тілін меңгерген мамандар бар ма? Болу мүмкін емес.

Ал, «Росатоммен» уранды байыту, уран отынын өндіру және кадрларды даярлау бойынша ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас бар, - деді маман.

Ол қазірдің өзінде «Росатом» жобаларында мыңға жуық Қазақстан маманы еңбек етіп жатқанын айтады.

- Бүгінде мыңға жуық қазақстандық түрлі елдердегі «Росатом» нысандарында жұмыс істейді. Бұл құрылыспен де, техникалық қызмет көрсетуімен де байланысты. Бізде қазірдің өзінде дайын мамандар бар және де жаңа кадрлар да даярлана береді. Тілдік кедергінің жоқтығы – бұл біздің маңызды артықшылығымыз. Сондықтан атом стансасын салу жобасын дәл осы «Росатоммен» бірге жылдамырақ және тиімдірек жүзеге асыра аламыз, - деді Байділдинов.

Мамандардың пайымынша, атом электр стансасының құрылыс, машина жасау, электротехника және логистика салаларының дамуының қозғаушы күші болады.

- Құрылыс пен инфрақұрылымға бетон зауыттары, металл құрастырылмдарын өндірушілер, электротехникалық кабельдер, логистикалық компаниялар, сондай-ақ құрылыс қалашықтарын тұрғын үймен қызметпен қамтамасыз ететіндер тартылады. Машина жасау мен электртехникада ядросыз санаттағы сорғылар мен темір арқаулар, басқару шкафтары, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика, трансформаторлар, автоматтандыру жүйелері өндірісі қажет болады. Ал стансаны пайдалану кезеңінде турбиналық және электротехникалық жабдықтарға сервис көрсету, қалдықтармен жұмыс, физикалық және кибер қауіпсіздік, персоналды оқыту қажеттілігі туындайды, - деп қосты Жақып Хайрушев.

Ол кадр сөзсіз басты фактор екенін атап өтті. Жаңа сапа мен қауіпсіздік мәдениетіне ие мыңдаған мамандар қажет болады.

- Университеттер мен колледждер оқу бағдарламаларын қайта құрып, кәсіпорындар ішкі академиялар мен сертификаттау жүйелерін енгізеді. Бұл инженерлік мектептің жалпы деңгейін көтереді, - деді маман.

Айта кетейік, Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында 2-ші және 3-ші АЭС құрылысы жайында айтқан еді. 

- Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр стансасының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек, - деген еді Президент.

Осы орайда сарапшылар АЭС алаңын іріктеу барысында өңірдің энергия жүйесінің шынайы қажеттілігі ескерілуі тиіс деп есептейді.

- Негізгі өлшемшарттар – тұтыну орталықтарына жақындық, су ресурстарының болуы, сейсмикалық тұрақтылық, дамыған желілік инфрақұрылым және жобаның әлеуметтік қабылдануы. Оңтүстік Қазақстан бүгінгі таңда ең осал аймақ саналады: өңірде энергия тұтынудың жоғары өсімі мен базалық генерацияның жетіспеушілігі тіркелуде. АЭС-ті оңтүстік облыстарда орналастыру импортқа тәуелділікті жоюға және өнеркәсіптік дамуға база жасауға мүмкіндік береді, - дейді Жақып Хайрушев.

Сонымен қатар, ол Курчатовта ғылыми орталығы бар Шығыс Қазақстан мен БН-350 гекторы пайдалану тәжірибесі бар Маңғыстау облысының да АЭС орналасуға әлеуеті бар екенін айтады.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов өткен жыдың желтоқсанында елімізде электр энергиясының тапшылығы 8 пайызға жеткенін алға тартады.

- Бұл дегеніміз, желтоқсанда бүкіл ел бойынша әр күн сайын екі сағат бойы жарықсыз отырдық деген сөз. Оны газбен генерациясымен жаба алмаймыз, себебі газ мүлдем жоқ. Көмір генерациясы қымбат әрі лас. Сондықтан таңдау атом энергетикасын дамыту немесе шетелдік қуатқа сеніп, импортты жалғастыру ғана болмақ, - деді ол.

Маман Орталық Азиядағы кооперация келешегінің зор екендігін алға тартады.

- Өзбекстан үлкен станса мен шағын реакторлар салуды жоспарлап отыр. Ал Қырғызстан атом жобаларын қарастырып жатыр. Демек, таяу жылдары өңір нарығы 60-70 млрд долларға жетуі ықтимал. Сондықтан ынтымақтастықтың өңірлік моделін қалыптастырып отырып, саланы бірлесе дамыту ақылға қонымдырақ болар еді, - деді Олжас Байділдинов.