BANNER

«Елтану» экспедициясы барысындағы алғашқы сапар сәтті аяқталды

Суреттер: ұйымдастырушылардан

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасы аясында ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы арқаның алтын тәжі – Қарқаралы жеріне сапарын сәтті аяқтады. Экспедицияға ҚХА мүшелері, ҚХА құрылымдарының басшылары, журналистер, мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері қатысады. Жоба Қарағанды облысында орналасқан тарихи-мәдени маңызы бар нысандарға бару, экспедицияға қатысушыларды рухани, мәдени және тарихи ескерткіштермен таныстыруға бағытталған.

ЕлтануЕлтану

13-14 қыркүйек аралығында өткен экспедиция Алаштың үш арысы ескерткішіне тағзым етумен басталды. Одан кейін қазақ халқының атақты ақыны, композитор Мәди Бәпиұлының ескерткішіне тағзым етумен жалғасты. Әрі қарай экспедиция мүшелері Құнанбай қажы мешітіне барып, тарихымен танысты. Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінде болып, археология, этнография, қолданбалы қолөнер бұйымдары, нумизматика, сирек кітаптар, картиналар, құжаттар мен фотоматериалдар саласындағы құнды жәдігерлерді тамашалады. Абай Құнанбайұлы мен Григорий Потанин тоқтаған үйдің тарихымен танысты. Сапар барысында Қарқаралы аудандық кітапханасына ҚХА атынан бұған дейінгі экспедициялар бейнеленген фотосуреттер жинағы сыйға тартылды. Алаштың ардақтысы А.Байтұрсынов ашқан Ақтерек ауылындағы мектепке де жол түсті. Бірнеше ғасырдың куәсі болған ғимарат бүгінге дейін сыры кетпей, әдемі сақталған екен. Жоғары деңгейде көңіл бөлініп, жақсы күтім көргені көрініп тұр. Маңдайшасына: «Бұл үйде 1904-1908 жылдары Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынов ұстаздық қызмет жасаған» деген тақта орнатылған.

ЕлтануЕлтануЕлтану

«Ахмет Байтұрсыновтың Ақтерек ауылында тұрып, бала оқытқаны – біз үшін үлкен мақтаныш. 1993 жылы ауыл мектебіне ұстаздың есімі берілді. Ағаш үйдің өзіне күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Бүлінген тұстары қайта қалпына келтірілді. 1991 жылы атақты ғалым, профессор Ақжан Машани Қарағайлыға келіп, Ақтерекке келген ғой. Ол кезде ағаш үй кеңсе болған. Сол кісі бұл үйде Ахмет Байтұрсыновтың сабақ бергенін айтып кеткен. Әйтпесе, біз оны білмейтін едік. Бос тұрмасын деп бір бөлмесіне кітапхана аштық, бір бөлмесін балабақшаға, бір бөлмесін медпункт қылып қойдық», – дейді мектеп директоры Светлана Әбенова.

ЕлтануЕлтану

Осыдан кейін экспедиция мүшелері Ақтерек ауылынан Қызыл кеніш сарайына аттанды. Кент тауының бауырында, Кент елді мекенінің жанында орналасқан «Қызыл кеніш» сарайын кейбір жазбаларда «Қызыл кент» деп те атайды. Жалпы Кенттің байырғы тұрғындары ол орынды «Қызыл кеніш» атаған. Аракідік «Қыз əулие» деген атауы да аталады.

ЕлтануЕлтану

Қызыл кеніш сарайы – Орталық Қазақстандағы белгілі тарихи архитектуралық ескерткіш. Қарқаралы ауданының Кент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырымдық Кент тауының шығыс бөлігіндегі Қызылсу өзенінің жағалауында орналасқан. Қарағандыдан оңтүстік-шығысқа қарай 260 шақырым жерде орын тепкен. Ескі Кент қаласының орнындағы сарай кішігірім жазықта. Барлық жағынан жартасты таулармен қоршалған. Сарай – XVIІ-XVIІI ғасырдан, жоңғар шапқыншылығы кезеңінен қалған архитектуралық жәдігер. Өз уақытында екі қабат етіп салынған, айқыш тәріздес ерекше архитектуралық ескерткіш. Құрылыс материалына осы өңірдің қызыл тасы қашалып пайдаланылған.

ЕлтануЕлтану

Экспедицияның бірінші күні «Қызыл кеніш» сарайына саяхатпен тәмамдалды.

Екінші күні экспедиция қатысушылары Қарқаралыдағы ұлттық парк жайлы ең керекті, маңызды әрі қызықты мәліметтер алды. Ұлттық парктің флора және фаунасымен, тау-тастарымен, тарихи мекендерімен жақынырақ танысты. Зоологиялық вольерде мекендейтін бизон мен бұғыларды тамашалап, ұмытылмас әсер алды. Сонымен қатар, парк аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Елтану

«Экспедиция жоғары деңгейде өтті. Екі күнде Қарқаралының тарихи-мәдени нысандарымен ғана танысып қоймай, табиғатына да тамсанып үлгердік. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осындай жобалар көп болса екен деймін. Себебі, тарихты білу – парызың. Талай-талай музейді аралап, кешегі тарихи тұлғалардың басқан ізімен жүріп, тұтынған заттарын көзбен көріп, тұрған үйлеріне тамсана кіріп, бұрын білмегенімізді естіп, білімімізді толықтырып келгенімді тамсана айтып, тауыса алмай жүрмін», – дейді экспедиция қатысушысы Надежда Кузнецова.

Елтану

Ендігі кезекте 20-21 қыркүйек аралығында Шет, Ақтоғай ауданына бару жоспарланған.

Мирас СӘУЛЕХАН,

LIFE09