Гомардың алдында туу оңай ма, о да көретін көресінін көреді. Ол түгілі, біздің алдымызда туған Абай Хакімді айтпағанда, кешегі Мағжан, Қасымдардың өзі не көрмеді? Алғашқы ақынның мына бір жарық жалғанға келуі сол екен, енді онымен жағаласып, қолөнерімен айналысатындар мен базардағы бақалшы, саудагер, алыпсатарлардың арасынан да "О! Греция!"-деп қызыл тілін безейтін өлеңшілер де шыға бастады. Өлеңдерінің төрт тармағында да бір мін жоқ. Үйқасы да, теңеуі де алғашқы ақыннан бір де кем емес, құлағыңның құрышын қандырып, көңіл күйіңді тап басады. Со кезде осылай тақпақ айтушылар мен олардың да талантына табынушылар қара құрттай қаптай жөнелді. Халық ақын кім, ақын емесі кім екенін айыра да алмай қалды (әлі күнге дейін солай болып тұр)...
*Гоме́р (др.-греч. Ὅμηρος, VIII век до н. э.) — грек ақыны, «Илиада», «Одиссея» дастандарының авторы.
Алғашқы Ақынның ата жауы сол кезде өз ортасынан, жаза алмайтын жазармандардан шықты! Ең алғашқы "әдеби орта" дегенді ойлап шығарған осы Ақын еді. Онда өлеңді жан-тәнімен сүйетін құл иеленушілер мен, философ-ойшылдар, сенаторларлар мен сылқым әйелдерге дейін жүр... Александр Блоктың "около литературные женщины" деп жүргені сол кезде-ақ шыққан. "Около литаратурные мужчины" дегендер де көп еді, олар әлі де аз емес... Бәйгеге түскен һас жүйрік соңынан ентелеп келе жатқан етжақынын қалдырып кетем демейді, озып кетеді ғой?! Қалып қоятын – тұғырларлардың өздері...
Бірақ, біздің осы Алғашқы Ақынымыздың да оңып тұрғаны шамалы;
қасындағы ит пен құстың бәрін бауырына тартып, өзіне етжақын дос-жаран көріпті. Адам баласынан озып, алғашқы болып туса да, біздің Мағжандай "Ақында адамзаттан дос болмайтынын" білмеген! Мағжанның өзі соны заманының дауасыз дерті жүрегіне шауып, өкпесі өшерде әзер сезді-ау деймін? Сол ататегі нашар, айтар сөз, ағытар сыры да шамалы құлдан шыққан жазармандар Ақынға неше түрлі пәле жауып, Императрға барады: "Мынау Сізді менсінбейді! Сіздің саясатыңызға, мемлекетке қарсы!" – дейді! Біреулерге жазған удай ащы эпиграммаларын жинап алып: "Сіз туралы жазған өлеңі – осы!" деп, алдына жайып салады! Ашулы Император Ақынды өмір-бақи түрмеде отырғызуға бұйрады. Сол күні жалғыз Греция ғана емес, ақыл-ойы әлі толыса қоймаған бүкіл адамзат баласы Алғашқы Ұлы Ақынынан айырылған еді! Орда бұзар отызға да тұяқ іліктіре алмай, абақтыда шіріп өлді байғұс...
Орыстың бүгінгі бір тегеурінді, ойлы азаматы Александр Невзоров: "Достаточно одной ошибки в ДНК, и получается ДНР "– депті. Не деген керемет сөз еді! ДНК мен ДНР-дің арасы – бір-ақ тұтам деп тұр! О, Сұмдық! Мына дүниедегі кесапат пен келеңсіздіктің, қара пәле мен қасіреттің бәрі адамның ата-тегіндегі бір иттіктен, шикіліктен күшіктеп жатыр. Әлемдік саясаттан бастап, әдебиеттегі халтураға дейін...Ататектегі осы бір шикілік кежегесінен кейін тартып, әлі күнге лейін адамзат дамуын кәдуескідей бөгеп, тежеп тұр! Халықтың түбіне халықсымақ – тобыр, ақынның түбіне ақынсымақ дәлдүріш жетеді!
... Енді ақынның ата жаулары көшедегі көрінген дәлдүрішті көкке көтеріп: "Міне, нағыз ақын жаңа туды!" деп шулай жөнелді, мінезі де жібектей! Қой аузынан шөп алмайтын қоңырдың өзі...Өзімізбен қатар жүріп, қонаққа барады, шарап ішеді. Біз не істесек, о да соны істейді. Біз күлсек, бұ да сақ-сақ етіп қосыла күледі. Біз жыласақ, бұ да егіле жылайды, талант, қашан да халықпен бірге!" Нағыз ақындарды көпе-көрінеу тұқыртып, Мемлекеттік сыйлықтар ман байшыкештердің сый, жоралғысын кемталанттарға қалай болса, солай үлестіру осы кезден басталды....
Көзі тірісінде осы Алғашқы Ақынды жамырай жамандап, түрмеге жіберген замандастары: "Біз оны пір тұтқанбыз! – деп шыға келді, – Жанымыз қалмай сыйлап, бір нанды, тіпті, бір шөлмек сыраны да бөліп ішкенбіз! Оның жан-жүйесін біз ғана түсініп едік, түбіне туасы топас, қанқұйлы Император жетті ғой!"
Әйелдердің біразы:" Есіл ақын, қайран, ерен ақын пәлен деген, түлен деген өлеңін мені көріп жазып еді!" – десті, – мен болмасам, оны жазар ма еді? Жазбас па еді..."
Ақ қағазды жаңа шималай бастаған бір дәлдүріш: "Мен оның бауырын өсіп, өркендеп едім. Со кезде не көп? Қара құрттай қаптаған жазарман көп. Қайран, көкем, соның бір де біреуін көзіне ілмей, маған ғана іш тартып еді... Марқұм асыл еді, мәрт еді-ау? Ондай жан енді туар ма?! Тумайды ғой, тумайды ! Оқып жүрген кітабым де со кісінікі!", – деп соқты, – мынау менің киіп жүрген көйлегім де – соныкі..."
Талант бәсекелесімен жарысып, озады. Дарынсызда бәсеке, жарыс деген болмайды: "күндес..." қана болады...Олардың ауыл маңынан алысқа ұзай алмайтыны, қалың жұрттың аты-жөнін де жөнді біле бермейтіні де содан. Сәкен "Шырқ айналар шіркін тауық, Жемің болса қолыңда, Қайдағысы сені тауып, Топырлайды жолыңда..."деген өлеңін әдебиеттегі осындай, дарынсыз, пәлеқұмар, оңбаған типтерді көріп жазған. Өзінің түбіне бір күні солардың жететінін білген! Қара ормандай қасиетті халықтың арасында мұндай қулар болмайды ғой!
Қазақтың жаман-жәутігін басына шығарып, жақсысын ағаш атқа байлап, жамандау, тіпті, оның алтын басын өлім өтіне байлау – көрші орман жұртынан жұқты. Орыс төңкерісі мен жаппай жазалаудан (репрессия) кейін бұл күнделікті тірлікке, дағды, "күнкөріс көзіне..." айналып кетті. Содан бері қазақ Тәңірі арқасына аруақ қонып, елден ерек жаралған біреу болса, "е, соны қойшы..." дей салатын болды. Болмыс-бітіміміздің сан саласына, өнеріміз бен әдебиетімізге қараңыз: содан қалған жаманға жан тартып, еті өліп, жақсыны жатырқау сезімі біздің бойымызда бұрқ-бұрқ еттіп, бұлықсып басылып, әлі жүр... Жуық арада өше қоймас?
Қолына қалам алған кісіге талантты жазушылармен араласып, сұхбатасып, шама келсе, олардың өзімен бәсекеге түссе, соның ләззатына бұ дүниеде түк жетпейді. Суреткер болғысы келетін кісіге дәніккен дәлдүріштермен де бірге жүрген жөн болады. Соларды көріп, дарынсыз жазарман болғанша, талантты оқырман болудың қадіріне жетесің; бұл, әрине, ләззат емес, тағлым... Мен сондай талантты оқырмандарды көп көрдім, әдебиет жөнінде әңгіме айтса, классиктердің өзін шаң қаптырады. Халық деген – осы. Ол Абайдың заманында да болған, бүгін де бар, ертең де туа береді. Бірақ, ол кезде біз болмаймыз ғой?
Айтпақшы, совет өкіметінің адамзат тарихындағы айтулы істері көп-ақ. Оның бір қасіреті – 70 жыл бойы бар ісі өнер адамдарымен болды! Алдына салып, Ібір-Сібірге айдап жіберді, асып, атты... Оларға құл иеленуші қоғамның өзі істемеген айуандықтың бәрін істеді! Қандай қоғам болса да, ол халықтың өмір сүру формасы болса, өнер сол халықтың шыр-шыр еткен жан дауысы емес пе еді? Мейлі, ол феодальдық-патриархалдық, капиталистік, фашистік, тоталитарлық, авторитарлық қоғам бола ма, бәрібір! Кемеліне келген Батыста мұндай оңбағандық болған жоқ. Азуын Айға білеген Американың өзі "орта білімді" Иосиф Бродскийдің орыс әдебиеті туралы дәрісін ұйып тұрып тыңдады... Совет өкіметі осы болашақ Нобель сыйлығының лауреатын "ақын емес..." деп мойындамай қойған!
Коммунизмнің кіндік шешесі Карл Маркстің өзі "Ақындарды еркелету керек!" – деген. Оны пролетариат көсемі Ленин де, Генсек Сталин де, Хрущев, Брежневтерде елең қылған жоқ. "Еуропаны кезіп жүрген... коммунизм елесінің" қасіретін осы өнер адамдары тартты! "Полит Бюроның Ахматова мен Пастернак қахындағы пікірі базардағы қатын-қалаштың өсегімен қалыптасты" деп жазды бір орыс жазушысы. Құм жиылып тас, құл жиылып бас болған қоғамның олардың өнерін саралап, бағалауға өресі жетпеді! Анасынан арда туғаны үшін жазықты болды бәрі... Шәмшінің әнін айтып жүріп, өздерінің һәм бала-шағасының тойларын дүркіретіп өткізді. Шәмшіні кісі деген жоқ! Сол әнді өздері жазғандай, аяқтарын алшаң-алшаң басып жүр әлі...
"Ақын өлтіру ойынының" (Жұматай Жақыпбаев) неше түрлісін көріп келеміз. Исрайыл Сапарбай маған бір әңгіме айтып еді. Бұ кісі Сыр-Ағамаен (С. Мәуленов) сырласып, көп жүрген. Оған да Сыр-Ағаң тірі пендеге айтпаған жан сырын айтқан екен. Әңгіме Қасым қахында. Қасым соғыстан он екі мүшесі сау оралған көрінеді. Қаршадайынан Сары Арқаның сары аязы мен ұйтқи соққан боранына төзіп, төтеп берген ақыннның асау жаны соғыстың не бір сойқанына да сыр алдыра қоймапты. "Сен мұны біле жүруің керек" –деді. Менің Қарқаралыдан, Қасым топырағынан екенімді мегзегені...
Ол майданнан классик болып оралады. "Дауылдай өртке тиген өлеңімен!"Ол да Моцарт секілді, қатарынан қара үзіп шыққан жалғыз қара еді. Қасында ыржыңдап күліп, түртіп қашып, ішінен тынып... Сальерилері де жүрген.
Солар бір күні жиналып алып, Қаскеңе "мейірі түсіп..." қонаққа шақырады. Арақ деген аждаһаның Алаш даласына алғаш қобыз тартып келген кезі:" –Қасеке! дейді – біз саған тәнтіміз! – дейді, – талантыңа бас ұрамыз!" – дейді. "Сіз озып кеттіңіз! Біз қалып қойдық – дейді, – құдайға шүкір, қалсақ та қасыңызда жүрміз ғой?! Сізге еріп жүрміз! Осы кездесуімізді жуайық, бір шалқыйық?! Ішейікші?!" – деседі.
Ішкізіп, ішкізіп... қысты күні Алматының сызды көшесіне тастап кетеді!
Өкпеге дерт сол күні жабысады. "Олар он шақты ақын еді – деді Исрайыл көкем, – аты-жөнін айтпаймын? Өлсем, өзіммен бірге кетеді...Ел ішін алатайдай бүлдіріп нем бар?! Онсыз да..."
Мен де қолқалап сұрамадым. Кім екендерін ішім сезеді... Мен де айтпаймын енді... Өлсем, менің де ішімде кетеді! Бірақ, дүниеге бізден кейін келетін буын олардың кім екенін, меніңше, ішінен сезуге тиіс...
Осы таяуда, осы біздің тұсымызда, бітімі ерекше бір тума талант асылып өлді! Не болды?! Ел – аман, жұрт – тынышта соншама не көрінді оған?!. Баяғыда біреудің боданы болдық. Төңкеріс болды. Аштық болды. Репрессия болды. Енді не болып жатыр? Ешкім ештеңе білмейді... Ешкім ештеңе айтпайды!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ