BANNER

"Қара салафанға салып, мәйітті жауып тастаған": Алматы облысында марқұмның отбасы ұлдарының сиырға соғылып өлгеніне сенбейді

stan.kz

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы қара жамылған отбасы мотоцикл тізгіндеген ұлдары Жақсылық Серікұлының малға соғылып көз жұмғанына күдіктенеді. Жақындарының сөзінше, азаматтың сиырға соқтығысуына артынан қаққан көлік себеп болуы мүмкін деп отыр. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, соққының дауысын естіп көшеге шыққан куәгерлер оқиға орнында мотоциклден бөлек көліктің болғанын көрген екен. Бірақ бүгінге дейін темір тұлпар иесінің кім екені анықталмапты. Тіпті, оқиғаның жай-жапсары да тергелмеді дейді марқұмның жақындары.

Қайғылы оқиға болмай тұрып таңертең Жақсылық Серікұлы досына көмектесуге кеткен екен. Күні бойы екі дос жұмыстарын бітіріп, кешкі уақытта 22 жастағы жігіт мотоцикліне мініп үйіне қайтқан. Марқұмның ағасы Берік Тағаев мотоциклге қатты зақым келмегенін айтады.

"Осы жақтан келе жатқан мотоцикл. Ол қатты жылдамдықпен келмейді. Мотоциклді барып қарадық. Мотоциклдің багына 4 см темір кіріп кеткен. Мына жаққа соғылса темір кірер еді. Еш жері соғылмаған. Сиырға соғылса, мотоцикл быт-шыт болар еді. Мотоцикл келіп құлаған", – деді Берік Тағаев.

Қорам ауылының тұрғыны Мадияр Қасенов жедел шақырған.

"Жұмыстан келдім, тамақ ішіп отырсам, шиқылдап келген қатты дауыс естілді. Екі машина соғылды екен деп ойладым. Содан шығып қарасам, сиыр, мотоцикл, бала жатыр. Ал тура осы жерде машина аварийкасын жағып тұрды. Содан кейін жедел жәрдемге хабарластым", – деді ауыл тұрғыны.

Жақсылық Серікұлы үйінің үлкені. Артынан ерген 4 бауыры бар. Әскерден келіп, жоғары оқу орынына тапсырып қойыпты. Арманы полицей болу еді дейді анасы. Ол ұлының өліміне дәрігерлердің де кінәсі бар ма деп күдіктенеді. 

"9 күннен кейін бізден сұрамай аппараттан шешіп тастаған. Аппараттан шешіп тастап, жаңағы менттің бәрін жинап алған. Екі балам сол аурухананың алдында отырған. Оларға да ештеңе айтпаған. Таңертең сағат 09:00-да қайтыс болды ма, 08:00-де ме білмейміз. Дәрігерлердің ешқайсысы бізге жауап берген жоқ. Қара салафанға салып, мәйітті жауып тастаған", – деді Жадыра Рахметова

Ал, Шелек аудандық ауруханасының мамандары баланың өте ауыр жағдайда жеткізілгенін айтады. Сондықтан, облыстан нейрохирург дәрігерін шақыртып, шұғыл ота жасадық деп отыр. Ауруханасы директоры Гүлнәр Кураметова жігіттің диагнозын айтып берді.

"Түскен уақыттағы диагнозы жабық ми жарақаты, мидың ауыр контузиясы, ми қысымы. Ол кісілерге баланың жағдайын түсіндіріп айттық. Хабардар болды. Бізде видеобақылау тұр. Жол-көлік апатынан түскен науқастарға сот-медициналық сарапшыға жібереміз. Қайтыс болған уақытта полиция шақырылады. Олар денесін келіп алып кетеді", – деді аурухана директоры.

Қазір Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы аталған жәйт бойынша қылмыстық іс қозғапты.

 

“Іздемей-ақ қойыңыз, ұлыңыз суға батып кетті”: Атырау облысында 13 жасар ұлынан айырылған ана әділдікті талап етеді

"Күдіктілер куәгерге айналып кеткен": Қызылорда облысында әлімжеттіктің кесірінен қаза тапқан 15 жастағы баланың жақындары әділдік іздейді

 

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында жол апатынан жарақат алған жасөспірімнің туыстары әділдік іздейтінін жазған едік. 13 жастағы Саят Серікұлы велосипедімен көлікке соғылып, бес қабырғасы сынған екен. Ата-анасы тергеу тым баяу жүріп жатыр дейді. Көпбалалы ананың айтуынша, көліктің иесі “балаңды қараусыз қалдырдың” деп анасын кінәлаған. Тіпті Саяттың ата-анасынан шығынды өтеп беруді сұрапты.