Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Жиынға басқарма басшылары мен аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Отырыс барысында тілдерді оқыту курстарымен мемлекеттік қызметшілердің қамтылуы, мемлекеттік органдардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі, ономастика мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова Қарағанды облысындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.
«Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырамыз десек, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту шараларын алдымен мемлекеттік мекемелерден бастауымыз керек. Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағытында жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер президент қойған міндеттерді қаншалықты орындай алып отыр. Кейбір басқармалар тарапынан мемлекеттік тілді қолдау бағытындағы ұйымдастыру шараларының әлсіз екенін баяндамадан естідіңіздер. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды күшейту қажет», - деді Ерлан Бейсембайұлы жиын барысында.
Облыстық тілдер басқармасының басшысы Салтанат Әбеуованың айтуынша, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізінде облыстық іс-қимыл жоспары әзірленіп, негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2023 жылы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 560 адам қазақ тілін оқытудың 3 айлық оқыту курсымен қамтылса, 2024 жылы - 575 адам, 360 адам ағылшын тілін оқыту курсымен қамтылса, 2024 жылы - 375 адам қамтылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыс аумағындағы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тілдегі құжат айналымына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, тұрақты түрде сарапталады. Жалпы жылдың қорытындысы бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі – 96,5%. Жүргізілген сараптама өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттары үлесінің 0,4%-ға артқанын көрсетеді.
Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударатын салалардың бірі -ономастика саласы.
Республика бойынша әзірленген «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасы негізінде облыс бойынша былтыр 8 елдімекен, 97 құрамдас бөлік атауы өзгертілді. Нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан көнерген әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша атаулар (жалпы-461) 43-ке азайып 9,3% -ды құраса, құрамдас бөліктер бойынша (жалпы-3840) 439-ға азайып 11,4 %-ды құрап отыр. Сонымен қатар, 18 білім беру мекемесіне атау беру туралы ұсыныстар Республикалық ономастика комиссиясына жолданды.
Облыс бойынша әлі де өзгертуді қажет ететін әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктер бар. Атаулары өзге этнос өкілдері шоғырланған Қарағанды, Теміртау, Шахтинск,Саран қалалары мен Осакаров, Бұхар жырау, Абай аудандарына тиесілі. Бұл өңірлерде кез-келген атау өзгерту жұмыстарын тұрғындар өткір қабылдайды. Сондықтан жергілікті әкімдіктер бұл өңірлерде резонанстық жағдайлардың алдын алу мақсатында атау беру және қайта атау барысында жергілікті жердегі қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, тұрақты негізде түсіндіру және арнайы дайындалған іс-қимыл алгоритмы бойынша ұйымдастыру қажет.