BANNER

Қарағанды облысында 130 шақырымнан астам ауыз су желісі ауыстырылады

Сурет: облыс әкімдігінің сайтынан

Қарағанды облысында тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл 130 шақырымнан астам су құбыры желілері қайта жаңартылып, жөнделеді.

Бұл туралы аппараттық жиында Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев баяндады.

Оның айтуынша, қалалардағы орталық сумен жабдықтауға тұрғындардың 98,8%-на қолжетімді. Биыл 8 жобаны іске асыру және 50 км желіні қайта құру жоспарланған.

-  Ауылдық жерлерде орталықтандырылған сумен 93,6% тұрғын қамтылған. 60 км су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту үшін 32 жоба жоспарланған, - деді Тілектес Досаев.

Қарағандыда қазір Ескі және Жаңа Тихоновка бойынша ЖСҚ дайындалуда. Жұмысшы кентінде үйлерді бұрын салынған желілерге қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сахалинде су және кәріз желілерін өткізу басталды. Облыс орталығындағы орталық сумен жабдықтау бойынша барлық мәселелерді 2025 жылдың соңына дейін жабу көзделген, деп атап өтті Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов.

Ермағанбет Бөлекпаев халықты сумен жабдықтау бойынша энергетика және ТКШ басқармасына, қалалар мен аудандардың әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

-  Орындалатын жұмыстардың сапасын және барлық жоспарланған жобаларды уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету керек. 2025 жылдың соңына дейін әрбір ауылдық округ, аудандар мен қалалар бойынша жоспар бар. Жобаларды аяқтау үшін барлық бюджеттерден толық қаржыландыруды қарастыру қажет. Сондай-ақ кешенді блок-модульдерді орнатуды жеделдету, оның ішінде қызмет көрсетуге қаражат салу керек. Сумен жабдықтау объектілерін пайдаланушы ұйымдарға уақтылы беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажет. Иесіз нысандар болмауы керек, - деп атап өтті аймақ басшысы.