Қарағанды облысында бүйрек тастарын алып тастау бойынша операциялар қолжетімді бола түсті. Жыл басынан бері дәрігерлер осындай 24 хирургиялық ота жүргізген.
Өңірімізде мұндай операциялар перкутанды нефролитотрипсия көмегімен жасалады. Бұл бүйрек тастарын, соның ішінде маржан тәрізді шөгінділерді жоюдың өте тиімді және жарақатсыз әдістерінің бірі. Операция кезінде хирургтар арнайы жабдық – нефроскопты бүйрек қуысына төменгі арқа аймағындағы терідегі кішкене тілік арқылы енгізеді. Тас лазер арқылы ұсақ бөлшектерге бөлінеді, содан кейін олар алынады.
— Бұл әдіс бүйрекке несепағар арқылы емес, тері арқылы қол жеткізумен ерекшеленеді. Тілік 1 сантиметрден аспайды. Операцияның бұл түрін енгізу үшін біз нефроскоп сатып алдық, – дейді № 1 көпсалалы аурухана директорының орынбасары Дмитрий Матюшко. – Бұл жабдық тіндердің жарақаттануын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай медициналық қызметке қажеттілік болды, сондықтан біз оны халыққа қолжетімді еттік.
Қарағандылық Құралай Айткенованың бүйрегінде тастар бір жыл бұрын табылған. Әйел операцияны бел аймағындағы ауырсыну төзімсіз болғанша кейінге қалдыра берген. Осы жылдың қазан айында ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Операция тағайындалды, оның барысында 1,3 сантиметрлік тас алынып тасталды.
– Операциядан кейін 5 күн өткен соң мені үйіме шығарды. Қазір өзімді жақсы сезінемін, ауырсыну жоқ. Операция, барлық тексерулер, соның ішінде УДЗ, КТ тегін және ұзақ жылдам болды, – дейді қарағандылық.
Бүйрек тастарын перкутанды нефролитотрипсия әдісімен жою операциясын барлығы бес медициналық ұйым жүзеге асырады. Олар МӘМС пакетіне кіреді және сақтандырылған пациенттер үшін тегін.
Жыл басынан бері облыс хирургтары перкутанды нефролитотрипсия әдісімен 24 адамға ота жасады. Әрбір операцияны төлеуге медициналық сақтандыру қорынан 425 мың теңге бөлінді.