BANNER

Қарағанды облысында ең білімді және дарынды колледж студенттері таңдалды

-

Қарағандыда колледждердің ең білімді және талантты тәрбиеленушілерін анықтауға бағытталған "Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі" облыстық байқауының қорытындысы шығарылды. Бірінші орынды А. Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің үшінші курс студенті Алтынай Марат иеленді.

Алтынай 17 жаста. Бойжеткен қазақ тілі мен әдебиетінің болашақ мұғалімі. Ол поэзияны, монологтар оқуды, ән айтуды, тәтті пісіруді жақсы көреді.

– Байқауға қатысу мен үшін қиын болған жоқ. Жақсы дайындалдым. Барлығы төрт тур болды. Біріншісінде біз өзімізді креативті түрде таныстыруымыз керек, екіншісінде өз дағдыларымызды көрсетуіміз керек, соның ішінде монолог немесе поэтикалық шығарма оқу керек болды. Үшінші тур интеллектуалды сұрақтардан тұрды, ал төртінші турда біз өз өнерімізді көрсеттік. Мен барлық кезеңдерден сәтті өтіп, бірінші орынға ие болдым, – дейді Алтынай.

Екінші орынды Қарағанды Bolashaq жоғары колледжінің студенті Аяулым Медетова иеленді.

Бойжеткен байқаудың көрермендері мен қазылар алқасын өзінің киімдерімен, шығармашылық таныстыруымен және домбыраның құлағында ойнап, күй орындауымен тәнті етті.

– Шынымды айтсам, мен өзімнің жеңісіме сенімді болдым. Өте мұқият дайындалдым, әр турға киім ауыстырдым, таныстыру кезінде ән орындадым. Мені көрермендер қатты қолдады. Бірақ байқаудың аты байқау, мен екінші орын алдым. Өзім үшін үлкен сабақ алдым, – деді Аяулым.

Үздік үштікті 16 жасар Аяжан Ақеева түйіндеді. Ол Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде бірінші курста оқиды.

– Мені байқауға оқытушым Гүлмира Тапай дайындады. Мен лайықты өнер көрсеттім деп санаймын. Төртінші турда баянмен халық әнін орындадым. Қазақ халқының шығармашылығы тек домбыраның ғана емес, баянның да арқасында бүкіл әлемге танымал болғанын қалаймын, – деп атап өтті Аяжан.

Конкурсқа қатысу үшін 18 қыз өтініш берді.

Іріктеу турының қорытындысы бойынша олардың 11-і финалға өтті.

Жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Байқауды "Сарыарқа-Дарыны" балаларға арналған қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.