BANNER

Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерінен жарыс маусымы басталды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында ауқымды турнирмен ұлттық спорт түрлерінен маусым бастау алды. 

Бұқар жырау ауданының Құрылыс ауылындағы жарысқа өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан 400-ден астам спортшы келді. 

Олар көкпар, бәйге, аударыспақ, асық ату, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және теңге ілу сияқты сегіз түрден сайысқа түсті.

– Бұл жарыс – маусымның ашылуы. Шілдеде ұлттық спорт түрлері бойынша фестиваль, тамызда тағы бір іс-шара өтеді. Ал қыркүйекте біз маусымның жабылуын ауқымды түрде өткізбекшіміз, – деді облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Нұржан Шайхин. – Барлық жарыстар Қарағанды маңындағы Құрылыс ауылында ұйымдастырылады. Бұл орын қатысушылар үшін де, көрермендер үшін де ыңғайлы.

Маусымның ашылуында жанкүйерлер көп болды.

Қатысушыларды облыстық мәслихаттың төрағасы, Қарағанды облысының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Нұркен Көбжанов пен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қарсы алды. Олар халықтың рухын, оның тарихы мен мәдениетін көрсететін дәстүрлі спорт түрлерін сақтаудың және танымал етудің маңыздылығын атап өтті.

Ашылу рәсімінен кейін 2008–2010 жж. жасөспірімдер арасында көкпардан облыстық чемпионат өтті. Қарқаралы ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орында Шет ауданы. Үшінші орынды Нұра және Ақтоғай аудандарының шабандоздары бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Тамыз айында Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайтын үздік ойыншылар құрамасы құрылады.

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша