Биылғы 17 ақпанда Ұлттық ұланның 6505 әскери бөліміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысын ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбеков қарсы алды.
Генерал-майор Сакентай Шекарбеков облыс әкіміне Қарағанды облысындағы үш әскери бөлімнің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдары жайлы баяндап, айдауылдау құрамасының қару-жарағы мен әскери техникаларын көрсетті.
Кездесу кезінде генерал-майор Сакентай Амантайұлы өңір басшысына әскери бөлім аумағында салынатын басқарма органдарына арналған ғимараттың жоспарымен таныстырды. Нысанның қолайлы салынуына қатысты өз ұсынысын білдірді.
Кездесуде құрметті қонақ қамтамасыз ету бөлімшелерінің қысқы және жазғы жабдықтарының дайындығымен танысып, сарбаздардың асханасында болды.
«Біздің аймақта қызмет ететін әскерилерге барынша жағдай жасалуы керек және бұл мәселелер басшылық тарапынан әрдайым бақылауда болғаны жөн», - деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі жеке құрам жауынгерлеріне мемлекет алдындағы міндеттерді адал ақтарып жатқаны үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі