Президент Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесу барысында салық реформасына тоқталды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі El.kz-ке сілтеме жасап.
Тоқаев жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойғанын еске салды. Ол бұл бастаманың салық саясатын қатаңдатпай, керісінше ретке келтіретінін алға тартты.
«Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек. Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты. Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек. Халқымызда «Ырыс ынтымақты елге барады» деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды», – деді мемлекет басшысы.
Президент сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясына айрықша тоқталып, бұл жоба аз уақыт ішінде бүкіл елді біріктіріп, жалпыұлттық сипатқа ие болғанын атап өтті.
«Осы бастамаға шымкенттік ағайын да белсене атсалысып жатыр. Былтыр қалада 200-ден астам аула мен қоғамдық орын тазартылды, 200 мыңнан астам ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» айналаны тазалаумен немесе сенбілікке шығумен шектелмейді. Оның ауқымы және мағынасы өте кең. Тазалық дегеніміз – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі. Еліміздегі әр азаматтың жаны таза, қолы мен ісі таза болса, шын мәнінде озық ойлы ұлтқа айналамыз. Осы маңызды істе Шымкент қаласы өзінің «шырайлы» деген атына сай болып, көш бастауы керек. Елімізде заң мен тәртіп біржола үстемдік құруға тиіс. Бұл – мән-мағынасы ерекше мақсат. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Заңды сақтап, тәртіпке бағына білсек, мақсатымызға жетеміз, кез келген дағдарысты еңсере аламыз. Қазіргі бұлыңғыр заманда елімізге заңға негізделген тәртіп ауадай қажет. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жауапқа тарту керек. Басқа жол жоқ. Осылайша, әділетті, қауіпсіз, қуатты және таза Қазақстанды құрып, өркендеген ел боламыз», – деді мемлекет басшысы.
Сөз соңында президент Шымкент жұртшылығына ризашылығын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.