BANNER

Қазақстанда 366 миллион дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланды

Фото: ortcom.kz
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында тегін дәрімен қамтамасыз ету жүйесіндегі өзгерістерге арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Брифинг барысында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов дәрі-дәрмектердің ұлттық таңбалау және қадағалау жүйесін іске асыру барысы, фармакологиялық қадағалау жүйесінің қазіргі жағдайы мен перспективалары, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді нарықтан тәуекелге бағдарланған іріктеу тетігінің жаңа механизмін енгізу жоспарлары туралы айтты. Бұл шаралардың барлығы дәрілік заттардың сапасын бақылауды күшейтуге, пациенттерді қорғауға және дәрілік айналымдағы ашықтықты арттыруға бағытталған.

Қазақстанда 2024 жылғы 1 шілдеден бастап  өндірілген барлық дәрілік заттарды міндетті таңбалау және қадағалау тәртібі енгізілді. Бұл шара дәрі-дәрмек айналымының ашықтығын арттыруға, сапасын бақылауды күшейтуге және пациенттерді сапасыз және жалған өнімдерден қорғауға бағытталған.

2025 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша, тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде (ТҚАЖ) дәрілік заттар айналымының 5 000-нан астам қатысушысы тіркелген, олардың ішінде:

  • 19 отандық өндіруші,
  • 276 көтерме сауда субъектісі,
  • 3 000-нан астам дәріхана ұйымдары,
  • 1 900 медициналық ұйым.

Міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап 366 миллионнан астам бірегей таңбалау коды енгізілді, оның ішінде:

  • 224 млн қаптама импорттық дәрі-дәрмектерге,
  • 144 млн қаптама отандық өндіріс өнімдеріне тиесілі.

Қазіргі уақытта айналымда 255 миллион таңбаланған қаптама бар, оның ішінде:

  • 151 млн – импорттық өнім,
  • 104 млн – қазақстандық өнім.

Айналымнан 82 миллион таңбалау коды шығарылды. Дәріханаларға 97,9 млн қаптама жеткізілді, олардың ішінде 53 млн қаптама айналымнан шығарылды (чектер мен хабарламалар арқылы).