Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 6-дан аз баласы бар көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
“Бірқатар БАҚ, ақпараттық топтар мен әлеуметтік желі парақшаларында қолданыстағы заңнамаға сәйкес 6 және одан да көп балалы отбасылар ғана көпбалалы отбасы болып саналады деген жалған ақпараттар тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасына көпбалалы отбасы мәртебесі берілетінін хабарлайды”, – делінген хабарламада.
Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Көпбалалы отбасыларға төленетін төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланады және 2025 жылы:
- 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе әр балаға 15 728 теңге төленеді.
Сондай-ақ 6 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген, “Күміс алқа”, “Алтын алқа” иегерлері немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған аналарға мынадай мөлшерде ай сайынғы жәрдемақы төленеді:
- “Күміс алқа” алқасымен марапатталған – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- “Алтын алқа” алқасымен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғандар – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуге шақырды.