BANNER

Қазақстанда ChatGPT қолданатындарға маңызды ескерту жасалды

Сурет: pixabay.com

2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстандағы ChatGPT-ге жазылу құны қымбаттайды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі El.kz-ке сілтеме жасап.  

OpenAI компаниясы тамыздан бастап жазылым бағасына қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізетінін ресми түрде хабарлады. Бұл туралы 24 шілдеде қазақстандық қолданушылардың электрондық поштасына жолданған ресми хабарламада айтылды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, ҚҚС мөлшері 12% болады. Нәтижесінде, ChatGPT-тің ай сайынғы жазылым бағасы бұрынғы $20 орнына $22,40 болады. Өзгеріс Қазақстандағы барлық жеке тұлғаларға қатысты.

Алайда бұл салықты төлеуден заңды тұлғалар мен ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген жеке кәсіпкерлер босатылады. Ол үшін қолданушылар 1 тамызға дейін өз аккаунтындағы салық деректері бөліміне бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) енгізуі қажет.

Айта кетейік, биылғы жылдың мамыр айында Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті OpenAI, L.L.C. компаниясының Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде ресми тіркелгенін мәлімдеген болатын. Бұл шешім компанияның Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға электрондық қызмет көрсетуімен байланысты қабылданды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, енді OpenAI компаниясы еліміздің салық заңнамасына сәйкес Қазақстандағы қызметтері үшін ҚҚС төлеуге міндеттеледі.