Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда екінші және үшінші атом электр станцияларын салатын жерді таңдау үшін жұмыстар басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Олжас Бектенов бұл туралы “Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында” мақаласында жазды.
“Президент тапсырмасы бойынша ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. Бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталды. Тағы екі станция салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды”, – деп жазды премьер-министр.
Сондай-ақ ол 2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен сағатына 120 миллиард кВт-қа жеткенін атап өтті.
“Халық санының өсуін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескере отырып, энергия тұтыну одан әрі арта түседі деп болжанып отыр”, – дейді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, 25 ақпанда үкіметтің қаулысы күшіне енді.
"Ядролық қондырғы – "Атом электр станциясы" құрылысын жүргізу орны ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы белгіленсін", – делінген құжатта.
Еске салайық, бұған дейін энергетика министрлігі еліміздегі АЭС құрылысы шетелдік несиелер есебінен салынатынын жеткізді. Айтуынша, АЭС салуға Ұлттық қор мен зейнетақы қорындағы ақша жұмсалмайды. Ведомство жеткізушілерге АЭС салу жобасын қаржыландырудың түрлі нұсқасын ұсынатынын айтты. Яғни экспорттық несие мен халықаралық қаржы институттарын қаржыландыруды тартатынын атап өтті. Сонымен қатар атом электр станцияларын салу жобасын қаржыландырудың әртүрлі нұсқалары ұсынылмақ.