Қазақстанда Қызыл кітаптың онлайн нұсқасы жасалады

Ашық дереккөз

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында елдегі сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарларды сақтау жөніндегі Үкімет жоспары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz  ҚазАқпарат сілтеме жасап.

«Сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар тізімінің мемлекеттік ғылыми-техникалық негіздемесі Қазақстандағы биологиялық ресрурстарды тиімді басқаруға жағдай туғызады» деп жазады Роман Скляр.

Оның айтуынша, омыртқалы және омыртқасыз жануарлардың сирек кездесетін түрлерінің жағдайына баға беру үшін ғылыми-техникалық бағдарлама әзірленген.

Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы қаржыландыру көзделіп отыр.

«Жоғары ғылыми-техникалық кеңес мақұлдаған жағдайда бұл бағдарлама аясында Қазақстанның Қызыл кітабына ревизия жасалады. Соның негізінде мазмұны жаңартылып, Қызыл кітапқа арналған уеб-портал құрылады. Ол порталда сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар туралы мәлімет толыққанды беріледі. Аталған шаралардың бәрін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға аңшылық және жануарларды сақтау жөнінде тиісті өзгерістер енгізіледі», - деп жазылған жауапта.