BANNER

Қазақстанда жеке детективтердің қызметі заңдастырылмақ

Фото: unsplash.com

Қазақстанда жеке детективтер туралы заң жобасы әзіреніп жатыр,-деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жеке детективтер қылмысты ашуға көмектесетінін айтып өтті.

“Жеке детективтердің қызметін заңдастыру үнемі көтерілетін мәселе. Қылмыс жасалса, әлдебір ықпалды адам полиция бастығына телефон соғып, істі жауып тастауы мүмкін. Ал жеке детектив алсаңыз, ол өз міндетін орындайды. Ол тапқан мәліметтер қылмыстық істі ашуға қосымша дәлел болады. Сондықтан бұл саланы құқықтық реттеу керек деп есептеймін. Жеке детективтерге қойылатын негізгі талаптардың бірі ішкі істер саласында 10 жылдан астам жұмыс істеуі керек", – деді Абзал Құспан.

Депутат елімізде жеке детективтер институтын құрудың маңыздылығын айтты. Сөзінше, олардың қызметі республикалық және облыстық деңгейде болуы керек.

“Жеке детективтер туралы әзірленіп жатқан заңнамада оларға лицензия беру қарастырылған. Заң талаптары бұзылған жағдайда жеке детектив лицензиясының қолданылуын тоқтата тұруға немесе одан айыруға құқығы бар уәкілетті орган құрылады. Қазір елімізде жеке детектив қызметі бар, бірақ ол көлеңкелі. Бұл қызметті заңдастырсақ, бюджетке қаржы түседі. Ең бастысы, олардың қызметі заңдастырылады", – деді мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ депутат елімізде жеке детективтерге қатысты ресми статистиканың жоқтығын атап өтті.

“Олар анонимді түрде коллекторлық немесе күзет компаниясы арқылы жұмыс істейді. Олардың қызметі заңмен реттелмеген кезде біз оларды құқықтық салада пайдалана алмаймыз. Сондай-ақ олар мемлекетке салық төлемейді. Жеке детективтер жеке қызмет көрсетеді. Дамыған елдерде бұл қызмет заңдастырылып қойған", – деді Құспан.

Елордада президент істері басқармасы жанындағы парламентаризм институтының және "АMANAТ" партиясының қоғамдық саясат институты ұйымдастыруымен "Қазақстандағы жеке детективтік қызметті заңнамалық реттеудің проблемалық мәселелері мен болашағы" тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр. 

Парламентаризм институты ғалымдарды, сарапшыларды және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, "Жеке детективтік қызмет туралы" заңының жобасын әзірлеп жатыр.