BANNER

Қазақстаннан Мәскеуге жолаушылар пойызы қайта қатынауы мүмкін

Фото: РЖД

Ташкентте ТМД-ға мүше мемлекеттердің темір жол көлігі жөніндегі кеңесі өтті, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ke сілтеме жасап.

 "Ресей темір жолы" Қазақстан мен Қырғызстаннан Мәскеуге қатынайтын жолаушылар пойызын қайта іске қосуы мүмкін.

Бұл туралы ТМД-ға мүше мемлекеттердің темір жол көлігі жөніндегі кеңесінде Ресей темір жолы басқарма төрағасы Олег Белозеров мәлімдеді.

"Біз бірлесіп елдеріміз арасындағы жолаушылар тасымалын қалпына келтіруді жалғастырудамыз. Мысалы, 24 қыркүйектен бастап Ташкенттен Мәскеуге пойыз жүре бастады. Жаңа кесте бойынша Қазақстан мен Қырғызстаннан Ресей астанасына жолаушылар пойызы қозғалысын қалпына келтіруді талқылап жатырмыз", - деді Белозеров.

Сондай-ақ, Ресей мен Беларусь теміржолшылары Мәскеу-Минск жылдамдығы жоғары магистралінің жобасы бойынша жұмыс істеуде. Оны жүзеге асыру екі астанасы арасындағы жол жүру уақытын 3 сағатқа дейін қысқартады.

"Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің бағыттарын қосуға ерекше назар аударылып жатыр. Шығыс бағыттың артықшылықтарын пайдалана отырып, Ресей, Иран, Қазақстан және Түрікменстан темір жолдары мұнда тұрақты контейнерлік сервисті дамытуда.

2022 жылдан бері Иранға және Үндістан мен Парсы шығанағы елдеріне транзитпен 35 контейнерлік пойыз жөнелтілді. Батыс бағыттағы тасымалдау да артып келеді.

"Келісілген тәсілдер ерекше маңызды болып тұрған бүгінгі үлкен өзгерістер жағдайында темір жолдар өзара әрекеттесуді күшейтіп жатқаны өте құнды", - деді "Ресей темір жолы" басшысы.

Жалпы, 2024 жылдың 9 айында Достастық елдерінің теміржолшылары 7,3 млн жолаушы (+15%), 1 млрд 200 млн тоннадан астам жүк (өткен жылдың деңгейінде) тасымалдап, контейнермен жүк тасымалдауды 20%-ға, яғни 55 млн тоннаға дейін ұлғайтты.