BANNER

Киберпол дабыл қағады

Сурет inbusiness.kz

Интернет-алаяқтықпен күрес елімізде жүйелі сипат алуда. Цифрлық технологиялардың дамуымен қатар, алаяқтық әрекеттердің де түрлері көбейіп, халықтың қаржылық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алаяқтық әрекеттердің жиілеуі туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған болатын. Атап айтқанда, 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында ол интернет-алаяқтардан зардап шегетін азаматтардың саны артқанын атап өтті. Одан бөлек, биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрландыру дамыған сайын алаяқтық әрекеттердің көбейіп бара жатқанын және мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіретінін айтты. Бұл ретте құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар беріп, алаяқтарға ешқандай жеңілдік болмауы керектігін ескертті. Сурет inbusiness.kz Осыған байланысты құқық қорғау органдарының, соның ішінде облыстың полиция департаментінің киберполиция бөлімшелерінің жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Мәселен, өткен жылдың өзінде 924 дропты анықтады. Ал, биылғы көрсеткіш – 381 дроп. Яғни, жыл сайын қаржылық алаяқтар үшін банк карталарын, шоттарды, басқа да деректерді тіркеуге келісім бергендер санының артып келе жатқанын байқауға болады. Олар көп жағдайда өздері де алаяқтық тізбегінің бір бөлігі екенін толық түсіне алмай жатады. Бұл – елдің, оның ішінде, облыстың киберқауіпсіздігі үшін дабыл қағарлық көрсеткіш. – 2025 жылдың алғашқы үш айының өзінде облыстың полиция департаменті қызметкерлері 381 дропты әшкереледі. Бұл көрсеткіш алаяқтық әрекеттерінің белсенділігі әлі де жоғары екенін аңғартады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары тарапынан үнемі мониторинг жүргізіліп, алдын алу шаралары қолға алынуда, – дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мейрам Базарбаев. Жалпы, дроп дегендер кімдер? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – үшінші тұлғаларға банк шоттарын немесе жеке деректерін «мәлім еткен» адамдар. Ол шоттар кейін интернет-алаяқтар арқылы заңсыз қаржылық операциялар жүргізу үшін қолданылады. Ал, алаяқтар дроптарды интернеттегі хабарландырулар арқылы табады, әрі «жалақы төлейміз», «онлайн жұмыс» деп сендіреді. Көбінесе дроптар Telegram, Instagram сияқты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «оңай табыс» уәдесіне алданып қалады. Содан өздерінің заңсыз әрекетке қатысқанын кеш түсінеді. Бірақ, заң алдында жауапкершіліктен құтыла алмайтыны анық, – дейді полиция полковнигі. Полицияның мәліметінше, дроптар бұл – алданған азаматтар ғана емес, қылмыстық әрекетке қатысушы. Аталған жағдайда алаяқтар қарапайым сценариймен жұмыс істейді. Біреуін жоғарыда айтқандай, оңай табыспен алдаса, енді біріне хабарласып, «банк шотыңызға қауіп төніп тұр» деп сендіреді. Кейде жұмыс ұсынып, банк картасын сұрайды. Осылайша дроп өз шотын айтады, ал, алаяқтар сол арқылы заңсыз ақшаны жымқырады. Облыстың полиция департаментінің мәліметінше, дроптардың басым көпшілігі – 18 бен 30 жас аралығындағы жастар. Оларды алаяқтар онлайн арқылы тауып, арзан табысқа қызықтырады. – Дроптарды банк операцияларын, IP-мекенжайларды, интернеттегі хат алмасуларды тексеру арқылы анықтаймыз. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс, – дейді киберполиция қызметкерлері. Дропперлік үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 28-бабы бойынша басқа адамның алаяқтық әрекетіне көмек көрсетсе, яғни, банк картасын берсе, қылмыстық әрекетке қатысушы болып саналады. Негізгі қылмыстың ауырлығына байланысты, 199 бап – алаяқтық бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте, жаза қылмыстың ауырлығына қарай тағайындалатынын айту керек. Атап айтқанда, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденсе, мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Егер, қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде жасалса, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Киберпол қызметкерлері кез келген жағдайда сақтық шараларын ұстану қажеттігін айтады. Оның ішінде, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді, банк карталарының деректерін бермеу, жалақысы тым жоғары, оңай табыс туралы ұсыныстарға күмәнмен қарау және әлеуметтік желідегі «жұмыс», «сауда» топтарында жеке шот ашуға немесе тіркелуге қатысты ұсыныс­тардан бас тарту керек. Ал, күмәнді әрекетті байқаса, 102 нөміріне хабарласу керек. Алаяқтықпен күрес полиция­ның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті болуы тиіс. Қазіргі таңда дроптармен байланысты қылмыстардың өсуі бұл мәселенің шынайы ауқымын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, құқық қорғау жүйесі бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен сергектігі – алаяқтарға тосқауыл қояр басты факторлардың бірі.

Салтанат ІЛИЯШ, «Ortalyq Qazaqstan»