BANNER

Көлік хабтары және трансшекаралық кооперация: Қазақстан аймақтық логистикалық державаға айналу жолында

Фото: Life09

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның алдағы бірнеше жылдағы басты стратегиялық мақсаты – елді Еуразия кеңістігіндегі негізгі сауда-логистикалық торапқа айналдыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент қойған міндет аймақтық бәсеке күрт күшейген тұста бұрынғыдан да өзекті. Сол себепті Үкіметке көлік маршруттарын ғана емес, оларды толық қамтитын өндірістік-логистикалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту жүктеліп отыр.

Ақтауда салынып жатқан контейнерлік хаб ерекше назарда болады. Премьер-министр бұл жобаның уақытында және сапалы орындалуын қатаң бақылауға алу қажеттігін баса айтты. Хаб іске қосылғаннан кейін жүк ағынының жылдамдығы артып, контейнер өңдеу қуаты бірнеше есеге ұлғаяды.

Бектенов сонымен бірге хабтарда тек қоймалау немесе тиеп-түсіру қызметімен ғана шектеліп қалмай, нақты өндірістерді дамыту қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, инфрақұрылым дайын, рәсімдер ашық, әкімдіктердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Бұл инвесторлардың келуіне тікелей ықпал етеді.

Үкімет басшысы министрліктерге нақты мерзімдер қойды: жыл соңына дейін индустриялық сауда-логистика кешені мен «Еуразия» трансшекаралық орталығы үшін арнайы экономикалық аймақ құру тұжырымдамасы әзірленуі тиіс. Ал Ақтау портындағы контейнерлік хабтың құрылысы 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін ерекше бақылауда болады.