Қарағандыға жұмыс сапарымен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келді. Министр академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесу алдында Саясат Нұрбек №3 оқу корпусы жанындағы дендропарк аумағын, №2 оқу корпусы маңындағы "Akylbayev research center" ғылыми технопаркінің жұмыс барысымен танысып, университет қабырғасын аралады. Министр кездесу барысында білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
— Жоғары білімге қатысты 8 басымдықпен жұмысты бастадық. Осы орайда еліміздің бірқатар өңірлерінде жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау жүзеге асады. 2025 жылдан бастап Қарағанды университетіне phd докторларды өндіріске даярлауға бағытталған гранттар бөлінеді. Еліміз бойынша 5000 ға жуық гранттар бөлінеді, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Жиында Ғылым фонды жайына тоқталған министр, ҚарУ – дың өндіріс саласында мамандар дайындауға әлеуеті жоғары екенін айтты.
— Қарағандыда 3 мықты университет бар. Металлургияға қатысты, жалпы Орталық Қазақстанға неміс елінің, Израил елінің университеттері қызығушылық танытуда, деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей аймақтағы білім саласының даму қарқыны туралы баяндады.