BANNER

Құрбан айт – мейірім мерекесі

Сурет: pixabay.com

Алла қаласа, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Мұсылманша қасиетті зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені, қасиетті хадис-шарифтерде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал, арапа күні ораза ұстау – сүннет амал. Шамасы келмеген адамға ораза ұстау міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру сынды амалдар – дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар.

Халық арасында ұлт ұстазы атанып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы: «Дін адамды түзейтін, тәртіпке салып тұратын бір күш. Халықтың діні дұрыс болса, рухы да, жолы да түзу болады», – деген.    

Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол –  ішкі жан-дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз бір сөзінде дін шын ақыл, ғылыммен бірлік етсе ғана шын дін болатынын, құр көңілге сеніп, құлшылық ету дұрыс емес екенін айтқан.

Расында «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген.

Ал, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген.