BANNER

Қылмыстық топ қазақстандықтардың жеке деректерін сатқан

Фото: Видеодан скрин

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы департаменті интернет арқылы қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топты әшкерелеп, жойды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Белгілі болғандай, қазақстандықтардың жеке деректері мемлекеттік базалардан заңсыз алынып, Telegram арқылы тараған.

“Оның ішінде ақпараттар кейбір коллекторлық компанияларға берілген. 140-тан астам адам, оның ішінде компания иелері мен арна әкімшілері ұсталды. Қазір бес күдікті қамауға алынды. Тінту барысында 400-ден астам компьютерлік және басқа да электрондық техника тәркіленді”, – деді Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай.

Қылмыстық кодекстің 205-бабы 3-бөлігі (Ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу), 147-бабы 5-бөлігі (Жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу), сондай-ақ 211-бабы 3-бөлігі (Шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату) бойынша қылмыстық істер қозғалды.

“Осы заңсыз әрекетке қатысы бар адамдардың барлығы анықталып жатыр”, – деді Жандос Сүйінбай.

Ішкі істер министрлігі азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін бұзатын құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу және жеке деректердің таралуына жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғасып жатыр.