BANNER

Қыстың қамын жазда ойла: Қарағандыда жылыту маусымына дайындық қызу

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Осы қыста Қарағандыда үшінші жылу шығарғыш іске қосылмақ. Ол өте қажет. Магистраль Оңтүстік-Шығыстағы жаңа ғимараттарды сапалы жылумен қамтамасыз етеді және жұмыс істеп тұрған желілердің жүктемесін жеңілдетеді. Жоба бірнеше кезеңге бөлінді. Барлығы жоспар бойынша жүргізілуде, құрылыс жұмыстарының аяқталуына аз қалды.

Құбыр ЖЭО-3-тен Оңтүстік-Шығысқа қарай тартылды. Жалпы ұзындығы – 22 км.

– Бүгінгі таңда 20,8 км құбыр төселді, сорғы станциялары 90 пайызға жиналды. Бір тармағы қалды, біз оны тамызға дейін аяқтаймыз. Содан кейін гидравликалық сынақтар, технологиялық баптау жүргізіп, қыркүйек айында жылу шығару жүйесін пайдаға береміз, – деді Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Қаланың екі жылу көзінде жоспарланған жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Энергетиктер екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.

ЖЭО-3-те екі қазандық пен бір турбина күрделі жөндеуден өтеді.

– Қазандықтарда біз жоғары температураның тұрақты әсеріне ұшырайтын қыздыру беттерін ауыстырамыз. Сондай-ақ өз мерзімін өтеген жабдық тораптары ауыстырылады. Біз түтін газдарын тазартуды жақсартатын үшінші буын эмульгаторларын орнатамыз. Өткен жылдан бері ондай құрылғы екі қазандықта тұр, – деді "Қарағанды Энергоцентр" ЖШС Бас директоры Флюр Гарипов.

ҚР ЭМ АЭҚБК аумақтық департаментінің Қарағанды облысы бойынша басшысы Ернар Хасеновтың айтуынша, № 5 қазандықта авариялық учаскелерді толық ауыстыру қарастырылған. Бұл оның төзімділігін арттыруы керек.

Өткен жылыту маусымында екінші қазандықта ешқандай проблемалар болған жоқ. Осыған қарамастан, ол төрт жылда бір рет жоспарлы күрделі жөндеуге енгізілді.

Қаладағы жылу желілерінде ақаулы аймақтарды анықтау үшін гидравликалық сынақтар жалғасуда. Апатты учаскелер жөнделеді. 

Жазда 30 шақырымнан астам жылу желілерін ауыстыру жоспарлануда, олардың төрттен бірінен астамы магистральдық желілер. 

Сондай-ақ, 20 км су құбыры мен 3 км кәріз желілерін жөндеу қажет.