BANNER

Қызылорда облысы аумағын шегіртке басып жатыр

Фото: Видеодан скриншот

Желіде Қызылорда облысы аумағын шегіртке басып жатқанын көрсететін видео тарады. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жайтқа байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, өңірде жоспарланған 17,132 мың гектардың 10,524 мың гектары өңделген.

“Шегірткеге қарсы күрес шаралары Арал ауданына қарасты Қарақұм, Сазды, Аққұм, Қосаман және Жіңішкеқұм ауылдық округтерінің аумағында жүргізілді. Жұмысқа 2 жеңіл авиация кемесі, 2 аса жеңіл ұшақ, 12 жерүсті техникасы, 5 дрон, 45 арқаға асылатын бүріккіш жұмылдырылды. Мониторинг жұмыстарына 48 маман тартылған”, – делінген хабарламада.

Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, облыс бойынша шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын жүргізу үшін болжанған жалпы аумақ – 60,024 мың гектар. Жоспарланған аумақтың барлығы бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған.

Сондай-ақ өңірде облыс әкімінің орынбасары басқаратын жедел штаб құрылғаны, мұндай штабтар аудан деңгейінде де жұмыс істеп тұрғаны мәлім болды. Жергілікті жерлерде мониторинг жүргізу және іс-қимылды үйлестіру үшін 279 адам тартылған.

“Жалпы үйірлі шегірткелердің дернәсілдерін анықтау мақсатында 445,8 мың гектар жерге зерттеу жүргізілді. Күрес шаралары АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің бақылауымен өтуде. Егін алқаптарының зақымдану жағдайы тіркелген жоқ”, – делінген Ауыл шаруашылығы таратқан хабарламада.

Өңдеу жұмыстары барысын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин қадағалап отыр. Ал Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының шекарасында бақылауға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жауапты.

Ведомство өкілдері өңірлерде мониторинг және күрес жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.