BANNER

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі арзандады

Фото: istockphoto

Елімізде өткен аптада 8 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі арзандаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1-8 сәуір аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0,2%-ды құрады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобы бойынша бағаның негізгі өсуі маусымдық көкөністерге қатысты болды. Атап айтқанда, қырыққабат – 6,8%, сәбіз бен пияз – 2,7%, картоп – 1,6% қымбаттаған. Сондай-ақ, қант – 0,7%, күнбағыс майы мен сиыр еті – 0,2%, тауық еті – 0,1% өскені тіркелді. Ал әлеуметтік өнімнің 8 түрі бойынша баға арзандады: сүт – 0,5%, ұн мен айран – 0,4%, күріш, қарақұмық және жұмыртқа – 0,3%, сарымай мен макарон – 0,2%.

Көкөністер бағасының қазіргі өсуі маусымдық сипатқа ие, өйткені дәл осы кезеңде көкөністерге деген бағаның өсуі дәстүрлі түрде байқалады. Мұндай ауытқулар уақытша. Бағаның тұрақтылығын сақтау және ішкі нарықты қолжетімді көкөністермен қамтамасыз ету үшін «ҚТЖ Экспресс» АҚ-ның ұйымдастыруымен Қытай мен Пәкістаннан шамамен 15 мың тонна картоп әкелінді. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасынан қырыққабат жеткізіліп жатыр — жыл басынан бері 3 000 тонна қырыққабат импортталды. Қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар көкөністермен нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

20 сәуірде Түркістан облысынан ерте шыққан қырыққабаттың ішкі нарыққа шығуы күтілуде. Одан кейін басқа да көкөніс түрлерінің алғашқы өнімдері Түркістан облысынан және көршілес оңтүстік елдерден жеткізіледі. Бұл өңір дәстүрлі түрде еліміздің нарығын алғашқы жаңа өніммен қамтамасыз етеді.

Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесі мөлшерінің сақталуын бақылау жұмыстарын жалғастыруда.

2025 жылдың I тоқсанында аумақтық департаменттер сауда заңнамасын бұзуға байланысты 1 332 әкімшілік қаулы шығарды. Оның ішінде 183 жағдайда 11,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынса, 1 149 жағдайда ескерту берілді.

Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 15%-дан жоғары үстеме қосқаны үшін (ҚР ӘҚБтК 204-4-бабы) 1 207 қаулы шығарылып, оның 74-іне 6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, ал қалған 1 133 жағдайға ескерту берілді.

Салыстыру үшін: 2024 жылдың осы кезеңінде 582 құқықбұзушылық тіркеліп, оның 136-на (6,1 млн теңгеден астам) айыппұл, ал 446-на ескерту берілген. 204-4-бап бойынша 497 қаулы шығарылып, оның ішінде 51 жағдайда 3,8 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Осылайша, 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда үстемесін артық қосу фактілері өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артты.