Бүгінгі сот отырысында сотталушы Бақытжан Байжанов Нүкенованы өлтіру ісі бойынша куәлік берді. Айтуынша ол қайғылы оқиға болған күні не жағдай болып жатқанын толық түсінбеген,- деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бақытжан Байжанов алғашқы сөзін Салтанаттың жақандарына көңіл айтудан бастады. Өзіне артылған кінәні толық түсінетінін айтқан ол сол күнгі жағдайды жете түсіне алмағанына өкініш білдірді.
"Сол күні Бишімбаев Шымкенттегі көріпкелге телефон соқты. Ол екеуі ішіп, ұрысып, содан кейін Салтанаттың қатты ұйықтап қалғанын айтты. Көріпкел бәрі жақсы, миы шаршаған деп жауап берді. Бишімбаев Салтанатқа қарап жүруді тапсырып, өзі басқа кабинкаға кетті. Сағат 16.00 шамасында мен Салтанаттың денсаулығына алаңдай бастадым”, – деді Бақытжан Байжанов.
Бишімбаевтың алаңсыз қалпына қарап ол да аса уайымдамаған.
“Ол басқа адамдармен кездесуді жалғастыра берді. Салтанат жатқан бөлмеге кірмей, тек есіктен ғана қарап кетіп жүрді. Салтанат оянып кетті ме деп бір қарағанымда, әжетхана есігінің сынғанын көріп шошып кеттім. Келесі күні клиенттер келеді, ал мен есікті бірдеңе қылуым керек деген оймен әлек болдым. Сол күнге дейін ол мен үшін туған ағамдай еді, жетістікке жеткен, айқайлап ұрса салатын, қызу мінезі де болатын. Мінезінің ауырлығына қарамастан мұндай дәрежедегі адам жағдайды бақылап, нақты шешім қабылдайтынына сенімді едім”, - деді Бақытжан Байжанов.
Бишімбаев Салтанаттың демалмай жатқанын хабарлағанда ол есі шығып таныс дәрігеріне қоңырау шалғанын айтады. Байжановтың айтуынша, жедел жәрдем диспетчері немесе өзі білетін дәрігер оған мойынның тамыр соғуын тексеруге кеңес берген. Салтанаттың мойнындағы жараны алғаш сол кезде байқаған.
“Ол неге жедел жәрдем шақырмайды деп ойладым. одан кейін өз телефонымнан жедел жәрдемге қоңырау шалып, дәрігерлердің нұсқауымен 10-15 минут жүрегінің тұсына реанимациялық шаралар жасадым. Сол уақытта Бишімбаев "Салта, ты что, умерла, я тебя люблю" деген сияқты бірдеңелер айтты. Сосын пышақ алып өзіне қол жұмсамақ болды. Біз бармен жігіт екеуіміз одан пышақты тартып алдық. Мен тергеушіге бар көргенімді айттым. Және Салтанаттың ата-анасы мен Айтымнан кешірім сұраймын", - деді Бақытжан Байжанов.